Банк пен қаржы

Дүниежүзілік Банк: экономикалық өсім Еуропада баяулап, Африкада өсе түседі

Экономикалық өсім тұрақты болады / Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Әлемдік экономиканың өсімі 2025-2026 жылдары 2,7% деңгейінде қалады. Бұл туралы Дүниежүзілік Банктің зерттеуінде жазылған.

Бірақ бұл көрсеткіш тұрақты экономикалық даму үшін жеткіліксіз. Банк мамандары табыс деңгейі өте төмен елдер 2025 жылы орта табысқа шыға қоймайды деп болжайды. Ол үшін жаһандық және ұлттық деңгейде сыртқы ортаға жағымды әсер алатын саяси әрекеттер қажет. Макроэкономикалық тұрақсыздықтың өсімі, шектеулердің төмендеуі және климат өзгерісінің салдарын жою тәрізді міндеттер орындалуы керек.

«Алайда оның барлығы жылдар бойғы негатив оқиғалардың салдарынан кейінгі шығынды өтеу үшін жеткіліксіз», – дейді банк сарапшылары. Сондықтан қарыз көлемін азайту, климат өзгерісімен күресті жалғастыру, баға тұрақтылығына қол жеткізу, шығындарды оңтайландырып, табысты көбейту, адами капиталды жетілдіріп, жұмыс күшіне қолдау білдіру деген тапсырмалар да орындалуы тиіс.

Экономикасы дамитын және баяулайтын елдер қандай?

Банк мамандарының болжамынша, осы жылы қалыптасқан нарығы бар және экономикасы өсіп келе жатқан аймақтарда өсім байқалады. Ал Шығыс Азия мен Тынық мұхиты аймағында және Орталық Азия мен Еуропа да өсім аса қатты бола қоймас. Бұл кейбір ірі экономикалардың баяулағанының белгісі.

Шығыс Азия және Тынық мұхиты аймағында 2025 жылы экономика өсімінің қарқыны 4,6%-ға, ал 2026 жылы 4,1%-ға баяулайды.

Еуропа және Орталық Азияда осы жылы экономика өсімі 2,5%-ға дейін баяулағанмен, келесі жылы 2,7%-ға көбейеді деген болжам бар.

Латын Америка және Кариб бассейнінде 2025 жылы экономика 2,5%-ға дейін, ал 2026 жылы 2,6%-ға өсуі мүмкін.

Таяу Шығыс және Солтүстік Африкада экономикалық өсім биыл 3,4%-ға, келесі жылы 4,1%-ға дейін көтеріледі.

Оңтүстік Азияда 2025 жылы экономикалық өсім 6,2%-ға дейін көтеріледі, ал 2026 жылы сол деңгейде қала береді деген болжам бар.

Сахараның оңтүстік бөлігіндегі Африка аймағында 2025 жылы экономикалық өсім 4,1%-ға дейін нығаяды. Ал 2026 жылы 4,3%-ға дейін өседі.

2026 жылы көптеген аймақта өсім болады деген болжам бар. Бірақ жаһандық сауда саясатындағы өзгерістерге байланысты тәуекелдер де сақталады. Сарапшылар қақтығыстардың одан әрі шиеленісуі, ірі экономикалардың баяулауы, инфляцияның қарқынды дамуы және табиғи апаттар да жағдайды одан әрі қиындата түсетінін айтады.