Елдегі мыңнан аса әлеуметтік мекемелер азық-түлікті 500%-ға дейін үстемақымен сатып алған. Бағаны көтерген кәсіпкерлер миллиардтаған қаржыны қалтаға басқан болып шықты.
Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) мәліметінше, мектеп, балабақша, аурухана, балалар үйі сынды 1100-ден астам мемлекеттік мекемелер азық-түлікті жоғары бағамен сатып алып келгенін анықтаған. Агенттік өткен жылдың өзінде бағаны негізсіз көтеріп сатудың 817 жағдайын анықтады. Оларға қатысты материалдар өңірлік комиссияларға тапсырылған.
«685 мекеменің мемлекеттік сатып алу келісімшарттары қайта қаралып, нәтижесінде 370 млн теңгеден астам қаржы үнемдеуге себін тигізді. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде 69 тиімсіз делдал шеттеліп, 600 әкімшілік хаттама толтырылды, 11 млн теңге көлемінде айыппұл төленді»,- делінген хабарламада.
Мәселен, Ақтөбе облысының 80 балабақшасына кәсіпкерлер қарақұмықтың, картоптың, сәбіздің, қанттың, жұмыртқаның және тұздың бағасын қымбат бағамен жеткізген. ҚМА Департаменті қабылдаған заңсыздықты анықтап, олардың бағасын төмендетті. Тағы бір кәсіпкер балабақшаға қарақұмықтың бағасын 500%-дан астам көтеріп жеткізіп берген.
«Қостанайда 117 әлеуметтік мекеме қарақұмықты, қантты, пиязды, картопты және жұмыртқаны 180%-ға дейін үстемақы қосып сатып алғаны анықталды. ҚМА Департаментінің араласуынан кейін, Қостанай облысындағы барлық мемлекеттік мекемелерде қосымша келісімшарттар жасалып, нәтижесінде 60 млн теңгеге жуық қаржы үнемделді. Осындай жұмыстар Астанада және Қарағанды облысында 175 балабақшада да жүргізіліп, 100 млн теңгеден астам қаржы үнемделді»,- деп хабарлады агенттік.
ҚМА мемлекеттік мекемелердің азық-түлікті сатып алу қызметін қадағалап, «алып-сатарлық» схемаларды анықтауға бағытталған жобаны жүзеге асырып жатқанын мәлім етті. Бұл жұмыс кәсіпорындардың қызметіне араласусыз, тек IT құралдарын пайдалану арқылы жүргізіледі.