Жаңалықтар

2025 жылы Қазақстанда тағы 11 шетелдік университеттің филиалы ашылады

Қазақстан 34 шетелдік жоғары оқу орнымен серіктестік  туралы келісім жасаған / Фото: kursiv.media архиві

2025 жылы Қазақстанда 11 шетелдік университет филиалдарын ашады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

Осы уақытқа дейін Қазақстан 34 шетелдік жоғары оқу орнымен серіктестік  туралы келісім жасаған. Биыл бұл тізімге тағы 11 шетелдік ЖОО қосылады.

«Бүгінгі таңда елімізде Ұлыбритания, Италия, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция және Оңтүстік Кореяның 23 серіктес жоғары оқу орындары жұмыс істейді. 2025 жылы тағы 11 келісімді іске асыру қажет»,- делінген хабарламада.

Мемлекет шетелдік серіктес жоғары оқу орындарында қазақстандық студенттердің оқуы үшін 2 090 грант бөліп отыр. Қазір мыңдаған студент шетелдік университеттердің филалдарында 34 мамандық бойынша білім алып жатыр.

Қазақстанда қанша шетелдік студент бар?

Қазақстанда 93 елден келген шетелдік студент оқиды. Олардың саны 31 400 адамды құрап отыр. 2023 жылмен салыстырғанда 4600 адамға көп. Ал елдегі жоғары оқу орындарына оқытушылық қызметке 1600-ден астам шетелдік сарапшы тартылған.

Өткен жылы Алматы іргесіндегі Ядролық физика институтының жанынан Оңтүстік Кореяның KAIST озық ғылым және технологиялар институтының филиалы ашылған еді. Ал билыл Астанада британдық Кардифф университетінің филиалы жұмысын бастайды.