Миллиондаған доллар тұратын ең қымбат көліктер «қалтасы» мен шамасы жеткен адам үшін мәртебе мен сән-салтанаттың көрінісі. Ал өзгелер үшін озық технология мен заман көшіне ілесудің нышаны. Мұндай темір тұлпарлар — тек қозғалыс құралы емес, өнер туындысы. Олар инженерлік ойдың батылдығын және бірегейлікке деген ұмтылысты айқындайды. Себебі олардың бағасы да осыған сай. Әлемдегі ең сәнді әрі ең қымбат көліктердің қатарында қандай модельдер бар, олардың бағасына қандай факторлар ықпал етеді? Kursiv.Media тілшісі шолып шықты.
Автокөлік құнына не әсер етеді?
- Модельдің сирек кездесуі: өндірушілер эксклюзивтілікті айқындай түсу үшін көліктің шектеулі сериясын шығарады. Кейбір модельдердің бар болғаны бес-алтауы ғана, тіпті бір ғана көлік шығарылады.
2. Қандай материалдар қолданылды: жоғары сапалы материалдар — көміртекті талшық, титан, алтын, платина және ерекше былғары түрлері — өндіріс құнын арттырады.
3. Заманауи технологиялар: ең қымбат көліктер заманауи гибридті қозғалтқыштармен, аэродинамикалық шешімдермен және интеллектуалды басқару жүйелерімен жабдықталған.
4. Бренд тарихы: белгілі брендтердің жарыстардағы жетістіктері, культтік модельдер жасауы олардың құнын айтарлықтай арттырады.
5. Бірегейлік: көбінесе клиенттер өз талғамына сай дизайн элементтерін тапсырыспен жасатады: қолмен кестелеу, эксклюзивті бояу немесе асыл тастармен әшекейлеу сынды.
Әлемдегі ең қымбат 5 автокөлік
Көліктердің төресі Rolls-Royce болып шықты, 2021 жылы өндірілген авто 28 млн доллар тұрады
2021 жылы ұсынылған Rolls-Royce Boat Tail тарихтағы ең қымбат жаңа автокөлікке айналды. Оның дизайнын жасаған топ 1920 жылдардағы классикалық яхталардың сызықтарынан шабыт алған деседі.
- Қозғалтқышы және сипаттамалары: Boat Tail 6,75 литрлік V12 қос турбоүрлемелі қозғалтқышпен жабдықталған, 563 ат күшінің қуатына ие. Максималды жылдамдығы — сағатына 250 шақырым, ал жылдамдығын сағатына 100 шақырымға дейінгі шамамен 5 секунд ішінде арттыруға болады.
- Дизайны мен қолданылған материалдар: темір тұлпардың шанағы қолмен жасалған және әр клиенттің талғамына бейімделген. Автокөліктің артқы жағында табиғат аясындағы демалыстарға арналған жиынтық бар: қолшатыр, жиналмалы үстел және сусындарға арналған тоңазытқыш. Жүк салғыш ағаштан жасалған. Оның дизайны яхтаның палубасын еске түсіреді.
- Ерекшеліктері: Бұл автокөліктің бар болғаны үш-ақ түрі шығарылған. Әрқайсысы жеке клиентке арналған. Мәселен, бір данасы әлемге танымал жұлдызды жұп Бейонсе мен Джей-Зиге тиесілі.
2019 жылы құрастырылған құны 18,7 млн доллар тұратын бірегей авто
Bugatti La Voiture Noire («Қара автокөлік») — әлемдегі ең қымбат көліктердің бірі. Ол 2019 жылы Женева автосалонында ұсынылды. Бұл модель 1930 жылдардағы аты аңызға айналған Bugatti Type 57 SC Atlantic моделіне құрмет белгісі ретінде бір ғана нұсқасы құрастырылған.
- Қозғалтқышы мен сипаттамалары: La Voiture Noire 8 литрлік W16 қозғалтқышымен және төрт турбинамен жабдықталған. Оның 1500 ат күші қуаты бар, ал айналу моменті — 1600 Нм. Максималды жылдамдығы — сағатына 420 шақырым, жылдамдығын сағатына 100 шақырымға дейінгі шамамен 2,4 секунд ішінде арттыруға болады.
- Дизайны: Шанағы көміртекті талшықтан жасалған және жарқырап тұратындай етіп, қолмен барынша өңделген. Нәтижесінде қара металл түсі айнадай жарқырай түскен. Дизайнында «минимализм» сақталып, артық элементтер қосылмаған.
- Ерекшеліктері: Бұл көлікті ерекше қымбат еткен оның сирек кездесетіндігі емес, сонымен қатар эксклюзивті интерьер, алты түтікшелі арнайы жүйе және жетілдірілген аэродинамикалық элементтері.
Үшінші орында 17,5 млн долларға бағаланған итальяндық марка
Pagani Zonda HP Barchetta — итальяндық Pagani өндірушісінің қолынан шыққан ерекше туынды. Бұл модель 2017 жылы ұсынылған және Zonda сериясына қосымша модель ретінде шығарылған.
- Қозғалтқышы және сипаттамалары: HP Barchetta Mercedes-AMG-ден алынған 7,3 литрлік V12 қозғалтқышымен жабдықталған, оның қуаты — 789 ат күшіне тең. Максималды жылдамдығы — сағатына 355 шақырым. Бар болғаны 2,7 секунд ішінде жылдамдығын сағатына 100 шақырымға дейінгі арттыруға болады.
- Дизайны: Бұл ашық типтегі көлік кабриолет стилінде жасалған. Ерекше дизайнына көміртекті талшықтан жасалған артқы жағындағы жартылай ашық дөңгелек бөліктері кіреді.
- Ерекшеліктері: Бар болғаны үш көлік қана құрастырылған. Біреуі компанияның негізін қалаушы Горацио Паганиге тиесілі. Сиректігі, техникалық жағы және қолмен жасалғаны бұл көлікті коллекционерлер үшін аса құнды етіп отыр.
Атақты Mercedes-Maybach Exelero төртінші орында. Оның құны 8 млн долларға бағаланған
Mercedes-Maybach Exelero — 2004 жылы Fulda шиналарын сынақтан өткізу үшін жасалған люкс-купе. Бірақ ол өзінің ерекше дизайнымен және бірегей сипаттамасымен танымал болды.
- Қозғалтқышы және сипаттамалары: 5,9 литрлік V12 қос турбо қозғалтқышы бар, қуаты — 690 ат күші. Максималды жылдамдығы — сағатына 351 шақырым, сағатына 100 шақырымға дейінгі жылдамдыққа 4,4 секунд ішінде жетеді.
- Дизайны: Қара түсті купе классикалық Maybach сызықтарын спорттық элементтермен үйлестіреді.
- Ерекшеліктері: Бір ғана түрі шыққан. Бұл көлік коллекционерлердің арманына айналды және танымал музыкалық клиптерде көрсетілген.
Бесінші орында Ferrari-дың туындысы
2015 жылы ұсынылған Ferrari Pininfarina Sergio Серджио Пининфаринаның құрметіне шығарылған. Оның құны 3 млн долларға бағаланып отыр. Бұл модель Ferrari 458 Spider негізінде жасалған және брендтің ең эксклюзивті көліктерінің бірі саналады.
- Қозғалтқышы және сипаттамалары: оған 4,5 литрлік V8 қозғалтқыш орнатылған, қуаты — 605 ат күшіне тең. Шамамен 3 секундта сағатына 100 шақырымға дейін жылдамдығын арттыруға болады. Ал максималды жылдамдығы — 320 шақырым/сағ асады.
- Дизайны: Көліктің шанағы өзгеше, нағыз спорттық стильде, төбе жоқ. Алдыңғы терезесі де жоқ. Дизайнерлер барынша минималистік бағытты ұстанған. Автоның басым бөлігі көміртекті талшықтан жасалған, бұл оның салмағын айтарлықтай жеңілдетеді.
- Ерекшеліктері: Бар болғаны алты данасы ғана шығарылған. Олардың әрқайсысы Ferrari-дің арнайы таңдалған клиенттеріне ғана сатылды.
Басқа ерекше модельдерге тоқталсақ
- Koenigsegg Jesko Absolut — құны 3 млн доллар
Бұл гиперкар максималды жылдамдықты 531 км/сағ-қа жеткізу үшін жасалған. Jesko Absolut аэродинамикалық дизайнымен және қос турбонаддувты V8 қозғалтқышының 1600 ат күшімен ерекшеленеді.
- Lamborghini Veneno Roadster — құны 4,5 млн доллар тұрады
Lamborghini брендінің 50 жылдығына арналған бұл модель футуристік дизайнымен және 750 ат күші бар V12 қозғалтқышымен таңғалдырады.
Қымбат көліктерді қандай мақсатта сатып алады?
Біріншіден, бұл инвестиция. Эксклюзивті көліктер уақыт өте келе қымбаттайды. Әсіресе, олар белгілі оқиғалармен немесе танымал адамдармен байланысты болса.
Екінші, мәртебе. Мұндай көлікке ие болу иесінің табысы мен қоғамдағы орнын көрсетеді.
Үшінші, хобби. Көптеген коллекционер мұндай қымбат көліктерді техника мен дизайнға деген махаббаты үшін сатып алады.
Әлемдегі ең қымбат көліктер — инженерлік шабыттың, сән-салтанат пен эксклюзивтіліктің үйлесімі. Олар автокөлік өнеркәсібінің ең биік шыңын көрсетеді. Ең үздік материалдарды, технологияларды және дизайнды біріктіреді. Мұндай көліктердің бағасы миллиондаған долларға бағаланады. Бірақ олардың иелері үшін бұл қарапайым көлік емес, өнер мен автомобиль тарихына салынған инвестиция екені анық.
Еске сала кетсек, британдық Green Car Reports басылымы жылына бір рет нарықтағы ең ыңғайлы және экологиялық таза көліктердің тізімін жасайды. Осыған дейін 2025 жылы басылым сарапшылары сатып алуға ұсынған көліктер бестігін жариялады. Олардың ішінде Chevrolet Equinox EV, Hyundai маркасының Kona Electric, Porsche Macan Electric сынды модельдер бар.