Атырау облысында тұйық суда қамалып қалған 6,4 миллион балық шабағы құтқарылды. Бұл туралы Ауыл-шарушылық министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Атырау облысының Махамбет ауданына қарасты Х.Ерғалиев елді мекені маңындағы Бақсай су арнасында балық шабақтары тұйық суда қамалып қалған. Балықтардың су анасында жиналып қалғаны туралы ақпарат 13 қаңтарда белгілі болған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сәйкес, арнадан 6,4 млн балық құтқарылған.
«Бақсай су арнасында балық шабақтарын құтқару жұмыстары жалғасуда.
17 қаңтардағы жедел мәліметтерге сәйкес, құтқарылған балық шабақтарының жалпы саны 6,4 миллионды құрады», делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, құтқару жұмыстарына 45 адам және 8 техника жұмылдырылған. Құтқарылған балық түрлері – орташа салмағы 5-6 грамм болатын сазан және тұқы. Олар Жайық өзеніне жіберіліп жатыр.
Бұл жағдай министрліктің ерекше бақылауына алынған. Құтқару шаралары әлі де жалғасып жатыр.