Жаңа Салық кодексінде корпоративтік табыс салығы артып, 2026 жылдан бастап мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша сыйақыларға салық салына бастауы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің басшылығымен өткен Сараптамалық кеңес отырысында айтылған.
Жиында премьер-министрдің бюджеттік-салықтық саясатты реформалаудың жаңа тәсілдерін әзірлеу туралы тапсырмасын орындау мәселелері талқыланған. Сонымен бірге бюджет табыстылығын арттыру және жаңа Салық кодексін әзірлеу мәселелері де қозғалған.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиынға қатысты салалық ведомство басшылары Салық кодексінің жаңа редакциясында ұсынылып отырған бірқатар қолданыстағы салық жеңілдігін алып тастау, банктер мен қаржы ұйымдары үшін корпоративтік табыс салығының (КТС) мөлшерлемесін арттыру, мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша сыйақыларға салық салуды енгізу мерзімдерін 2030 жылдан 2026 жылға ауыстыру, ойын бизнесіне салық салуды қайта қарау жөніндегі шаралармен келіскен. Бұл шаралар жүзеге асырылса, бюджетке түсетін кірістер табыстылығы 1 трлн теңгеден асу мүмкін деп күтіледі.
Дегенмен, бұл шаралардың өзі шығындар мен бюджет кірістері арасындағы қалыптасқан алшақтықты жабу үшін жеткіліксіз екені айтылады. Өйткен жыл сайын бюджетке түсетін салмақ артып келеді. Сонымен бірге әлеуметтік шығындар өсіп, экономиканың нақты секторын дамыту бюджет шығыстарының 10%-ынан аз болып отыр. Жиынға қатысқан сарапшылар салықтық-бюджеттік салаларда реформаларсыз жағдайды түзеу мүмкін емес екенін айтқан.
«2025 жыл Қазақстан үшін оңай болмайды. Біз өткен жылдардағы кейінге қалдырылған ұзақ уақытқа созылған реформаларды қабылдауға мәжбүр боламыз. Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін орындауды жалғастыра алатындай бағаны нарықтық жағдайға келтіруі керек. Біз мұндай шараларды Ұлттық қорды сақтау үшін емес, экономиканың нарықтық экономикаға айналуы үшін қабылдауымыз керек», – деп пікір білдірген «NAC Analytica» КҚ» (NU) басқарма төрағасы Расул Рысмамбетов.