Қаңтар оқиғасы кезінде полицейлерден азап көрген жәбірленушілердің қорғаушылары кеше, 17 қаңтарда шыққан сот үкімін тым жеңіл жаза деп санайды. Олар сот үкіміне қатысты шағым түсіретінін мәлімдеді.
Сот үкіміне шағым түсіреміз. Үш жылға бас бостандығынан айыру туралы сот үкімін орынсыз әрі жеңіл жаза деп санаймыз. Оның үстіне жәбірленушілердің көпшілігі бұл үкім бойынша өтемақы алмайды», – деп жазды өз парақшасында құқық қорғаушы Айна Шорманбаева.
Еске сала кетсек, кеше 17 қаңтарда Қаңтар оқиғасы кезінде адамдарды азаптаған полицейлерге қатысты сот үкімі шықты. Сот шешімімен оларға 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Адам азаптағаны үшін сотталғандар қатарында мына азаматтар бар:
- Алматы қаласы Полиция департаментінің басшысының бұрынғы орынбасары Берік Әбілбеков;
- Серік Тұрпанбаев;
- Бауыржан Сопақов;
- Нұрсұлтан Хамитов;
- Арман Шойбеков;
- Олжас Айдарханов.
Бұл қылмыстық іс бойынша, қаңтарда азапталған 44 азамат жәбірленуші болып танылған. Оның бірі – қырғызстандық музыкант Викрам Рузахунов. Бұдан бөлек, 23 Өзбекстан азаматы бар.