Қашағанда 2024 жылы 17,4 млн тонна мұнай өндірілген

Жарияланды (жаңартылды )
Қашағанда 2024 жылы 17,4 млн тонна мұнай өндірілген / Фото: kursiv.media

Қашағанда 2024 жылы 17,4 млн тонна мұнай өндірілген. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» баспасөз қызметі хабарлады.

«2024 жылдың қорытындысына сай кен орнында мұнай өндіру көлемі 17,4 млн тоннаны құрады, жоспар бойынша 16,9 млн тонна», – делінген баспасөз хабарламасында.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қашағанға жұмыс сапарымен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов барған. Ол North Caspian Operating Company компаниясының басшылығы мен инженерлік құрамымен кеңес өткізіп, Қашағанды одан әрі игеру жоспарын, жобалардағы жергілікті қамтуды ұлғайту мәселесін және NCOC-да қазақстандық кадрлардың үлесін арттыру перспективаларын талқылаған.

Жиында қуаты жылына 1 млрд текше метр газды құрайтын газ өңдеу зауытының (ГӨЗ) құрылысын жеделдету, Қашағандағы кеңейту жобаларын уақытылы іске асыру мәселесі қозғалған.

Ал жергілікті қамтуға қатысты 2024 жылдың III тоқсанында NCOC сатып алған қазақстандық тауарлар мен қызметтердің үлесі 62%-ды ($453 млн) құрап, жылдық жоспардан 59%-ға артқан. Сонымен бірге NCOC қызметкерлерінің 96%-ы — Қазақстан азаматтары екені, компанияның басшы құрамындағы позициялардың 45%-ы ҚМГ-ның қызметкерлеріне тиесілі екені айтылған.

Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше 2024 жылы Қазақстанда жалпы 87,6 млн тонна мұнай өндірілген.

NCOC – Қашаған кен орнын игеріп жатқан оператор. Оның акциялары бірнеше елдің компанияларына тиесілі. Атап айтқанда, KMG Kashagan B.V. (16,877%), Shell (SPB: RDS.A) Kazakhstan Development B.V. (16,807%), Total EP Kazakhstan (16,807%), AgipCaspian Sea B.V. (16,807%), ExxonMobil (SPB: XOM) Kazakhstan Inc. (16,807%), CNPC Kazakhstan B.V. (8,333%) және Inpex NorthCaspian Sea Ltd. (7,563%).  

Сондай-ақ оқыңыз