Жаңалықтар

Тергеу соты Темірлан Еңсебекті қамауда ұстау мерзімін 2 айға ұзартуды сұрауы мүмкін – қорғаушы

Тергеу соты Темірлан Еңсебекті 2 айға қамауды сұрауы мүмкін / Фото: archive.misk.org.kz

Сатиралық Qaznews24 паблигінің авторы Темірлан Еңсебекке араздық тудыру фактісі бойынша айып тағылып, 72 сағатқа тергеу изоляторына қамалды. Тергеу соты қамауда ұстау мерзімін 2 айға ұзартуды сұрауы мүмкін. Бұл туралы оның қорғаушысы Жанар Балғабаева хабарлаған.

Балғабаева Темірлан Еңсебектің әзірге 72 сағатқа уақытша ұстау изоляторына қамалғанын, бірақ оның қамау мерзімі ұзаруы мүмкін екенін айтты.

«Темірлан уақытша ұстау изоляторына қамалып, алғашқы жауап алынды. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігі – араздық тудыру бойынша айып тағылып отыр. Тергеу соты оны қамауда ұстау мерзімін 2 айға ұзартуды сұрап, бұлтартпау шарасын талап етуі мүмкін», – деді адвокат.

Сонымен бірге қорғаушы Еңсебектің еңсесі түспегенін, халық қолдауының арқасында бұл мәселенің оң шешім табатынына сенетінін жеткізді.

«Ол өзіне қолдау көрсетіп отырған әр адамға алғысын білдірді. 2021 жылы тура осындай жағдай болған. Ол кезде резонанс туған соң, оң шешілген болатын. Сол кезде резонанс көмектескен. Бұл жолы да солай болады деген үміттеміз»,- деді адвокат.

Тағылып отырған айып бойынша қандай жаза қарастырылған?

Айта кетейік, Еңсебекке тағылған «әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» фактісі бойынша Қылмыстық кодексте екі мыңнан жеті мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл салу жазасы қарастырылған. Сонымен бірге екі жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы да қолданылуы мүмкін.

Еске сала кетсек, кеше, 17 қаңтарда Qaznews24 cатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің ұсталып, үйінде тінту жүріп жатқаны туралы ақпарат тараған болатын.