Жаңалықтар

Бағасын тұрақтандыру үшін елімізде картоп экспортына уақытша шектеу енгізілді

елімізде картоп бағасы қымбаттады / фото: архив kursiv.media

Ауыл шаруашылығы министрлігі 2025 жылдың 16 қаңтарынан бастап алты айға картоп экспортын тоқтатты. Бұл шешім көршілес елдер тарапынан қазақстандық картопқа деген сұраныстың артуы және ішкі нарықтағы бағаның өсуіне байланысты қабылданды.

Енді картоп экспорттау үшін фитосанитарлық сертификаттар берілмейді. Дегенмен, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдеріне картоп экспорттауға рұқсат бар, бірақ қатаң бақылау жүргізіледі.

Шектеулердің мақсаты

Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігі бұл шектеулерді енгізудің басты мақсаты – ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыру және алыпсатарлықты болдырмау екенін мәлімдеді. 2024 жылы картоп бағасы өндірушілер үшін 170 теңгеден 270 теңгеге дейін өсті. Бұл ретте экспорт көлемі 50%-ға артып, 605 мың тоннаны құраған болатын.

18 қаңтар 2025 жылы Сауда қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында қабылданған бұл шешім ішкі нарықтағы тұрақтылықты сақтау үшін жасалған шара ретінде бағаланды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша, қазіргі таңда Қазақстанда картоп қоры 850 мың тоннадан асады. Бұл көлем елдің ерте өнім жиналғанға дейінгі қажеттілігін толық қамтамасыз етеді. 2024 жылы елде 2,9 млн тонна картоп өндірілді, оның 1,5 млн тоннасы ішкі тұтынуға жұмсалса, қалғаны экспортқа жіберілді.

Бағаны бақылау

Министрлік өкілдері кaртоп бағасын қатаң бақылауда ұстайтынын және заңнаманы сақтамаған кәсіпкерлерге қатаң шаралар қолданылатынын атап өтті. Сауда және ауыл шаруашылығы министрліктері бағаның негізсіз өсуін болдырмау үшін тұрақты мониторинг жүргізеді.

Қазақстан 2025 жылы ішкі нарықта кaртоп бағасының тұрақтылығын сақтап, тапшылықты болдырмауды жоспарлап отыр. Бұл шектеулер мен бақылау шараларының арқасында өнімнің негізсіз қымбаттауының алдын алу көзделген.

Еске сала кетейік, бұған дейін 2024 жылы азық-түлік арасында картоп қатты қымбаттап, бір жылда бағасы 37,7% көтерілгенін жазған едік.