Lifestyle

TikTok әлеуметтік желісі АҚШ аумағында ресми түрде бұғатталды

TikTok АҚШ
Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

2025 жылдың 19 қаңтарынан бастап TikTok әлеуметтік желісі АҚШ аумағында ресми түрде бұғатталды. Бұл туралы BBC арнасы хабарлады.

BBC мәліметінше, TikTok қосымшасы Apple-дің қосымшалар дүкенінен алынып тасталды. Ал қосымшаны ашпақ болған қолданушыларға «TikTok-қа тыйым салу туралы заң АҚШ-та күшіне енді. Өкінішке қарай, сіз бұл қосымшаны әзірге пайдалана алмайсыз» деген хабарлама шығады.

Тыйым салуға не себеп болды?

2024 жылдың сәуір айында АҚШ президенті Джо Байден TikTok платформасы 2025 жылдың 19 қаңтарына дейін америкалық компанияның басқаруына өтпесе, оның ел аумағындағы жұмысы тоқтатылатыны туралы заңға қол қойған еді.

Байденнің пікірінше, қытайлық ByteDance компаниясы арқылы TikTok Қытай үкіметіне пайдаланушылар туралы деректерді беруі немесе пропаганда тарату құралы ретінде қолданылуы мүмкін. Дегенмен, TikTok өкілдері бұл айыптауларды бірнеше рет жоққа шығарды.

Жоғарғы сот шешімі

2025 жылдың 17 қаңтарында АҚШ Жоғарғы соты TikTok-қа тыйым салу туралы заңды растады. Соттың шешімінде, егер 19 қаңтарға дейін TikTok-тың америкалық бөлімі жергілікті меншікке өтпесе, платформа ел аумағында толықтай бұғатталатыны көрсетілген.