Плацебо эффектісі: сауықтыратын сиқырлы таяқша ма әлде соқыр сенім бе?
Бас ауырған кезде байқамай іштің дәрісін ішіп қойып, көп ұзамай аурудан айыққаныңызды сезген кез болып көріп пе еді? Бұл жерде дәрінің құдіретінен бұрын сіздің «осы дәрі көмектеседі» деген сеніміңіз көбірек әсер еткен болуы мүмкін. Жалпы алғанда дәрінің көмегі болатына не дәрігерлердің мықтылығына имандай сенген адам дертті жеңілірек жеңеді. Бірақ кейде мәселені ушықтырып та жіберуі мүмкін. Ғылымда мұны «Плацебо эффектісі» деп атайды. Ол қалай жұмыс істейді? Оған қарама-қарсы ұғым — «Ноцебо» жайлы не білеміз? Соқыр сенім деп қарастырған жөн бе, әлде қиын жағдайда алып шығар «сиқырлы таяқша» ма? Осы туралы айтайық.
Плацебо дегеніміз не?
Плацебо — емдейтін қасиеті жоқ, бірақ сырты дәріге ұқсайтын препараттар. Олар көбіне таблетка не иньъекция түрінде болады. Оны адам денсаулығына зияны тимейтін заттардан жасайды. Мәселен глюкоза, крахмалдан таблетка жасаса, инъекцияларды физиологиялық ерітіндіден істейді. Бұл термин латын тіліндегі placebo сөзінен шыққан. Мағынасы «ұнаймын» дегенді білдіреді.
Бастапқыда ағылшын тілінде бұл сөзді медицинаға қатысты емес, жағымпаздану туралы айтқанда қолданған екен. Ал медициналық мәнде XVIII ғасырдан бастап пайдаланыла бастаған. Емдейтін дәрісі болмаған кезде дәрігерлер науқастарға зияны жоқ, бірақ ауруын жазбайтын да дәрі жазып беретін болыпты. Яғни алдына келген науқастың дәрі ішіп, жақсарсам деген ойын осылай қолдайды екен.
Плацебо эффектісі
Сөздің өзімен танысып болсақ, енді осы терминге арқау болған эффект туралы да айтайық. Бұл — науқастың плацебо ішкеннен кейін жағдайының жақсарғанын көрсететін феномен.
Өткен ғасырларда дәрігерлер осы эффектіні қолданып, науқастарға түрлі таблетка, сироп, ұнтақтар жазып беретін болған. Олай ететін себебі — бұрын көп аурудың дәрісі жоқ еді. Сондықтан амалсыздан осылай плацебо қолданылатын. Плацебо эффектісінің шынында әсер ететіні XVIII ғасырдың аяғында байқалған.
1776 жылы Коннектикуттан шыққан дәрігер Элиша Перкинс өз дәрісін шығаруға патент алған. Ол науқастардың ауруын «сорып» алатын металл таяқша жасап шығарған екен. Буындары ұйып, ревматизммен ауыратындар оны таласып алыпты. Құдды сол ауырғаны жазылғандай сезеді екен. Бірақ 1799 жылы Перкинс қайтыс болғаннан кейін, британиялық дәрігер әрі ғалым Джон Хейгарт металл емес, ағаш таяқша жасап шығарып, «ол да емдейді, мен Перкинстің өнертабысын қолданып жасадым» деп жариялайды. Ол таяқшаның да оң әсері көп деп сұранысқа ие болады. Міне, сол кезде Хейгарт таяқшаның ешқандай емдік қасиеті болмағанын түсінеді. Ағзаға әсер еткендей көрінгені сол плацебо эффекісінен болған деп ой түйеді.
Медициналық әдебиеттерде плацебо эффектісін алғашқылардың бірі болып сипаттаған — Хенри Бичер. Ол 1955 жылы «Қуатты плацебо» деген мақала жазады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жараланған әскерлерге морфий бітіп қалғанда физиологиялық ерітінді еккен екен. Егілген соң әскерлер шынында «денеміз ауырмай тұр, жақсардық» десіпті. Бүгінде плацебо медицинада жаңа дәрілерге клиникалық тәжірибелер жасауға қолданылады.
Плацебо эффектісі қалай жұмыс істейді?
Плацебо эффектісінің негізгі мәні — жақсарамын деген сенім. Науқас дәрігердің жазып берген дәрісі көмектеседі деп нық сенген кезде мида да, адамның бойында да өзгерістер бола бастайды. Ол психосоматикалық тұрғыда әсер етеді. Яғни ой арқылы ағза физиологиясы өзгереді. Мидың түрлі бөлімдері мен нейрон тізбектері іске қосылады. Алдымен мидағы түсінік аймағы мен эмпатияға жауапты алдыңғы бөліктер оянады. Лимбиялық жүйе мен ми құрылымдары денедегі жүйке жүйесінің симпатиялық бөлігін қозғайды. Ол кезде күйзеліске жауапты жүйеде тыныштық орнай бастайды. Эпигенетикалық механимздер мидың ұйқыдағы гендеріне белсене жұмыс істеуге көмектеседі. Сөйтіп адамның психологиялық жағдайы жақсарып қана қоймай, иммунитетті күшейтеді. Былай қарасаңыз, бұл — үлкен биологиялық тізбек. Мұнда ең бастысы — науқастың препарат не шараның ауруды жеңілдетеді деген сенімі.
Гормон жүйесіне қатысты айтсақ.
Мидың биохимиясы деңгейінде плацебо эффектісінде түрлі гормон бөлінетін аймақтар іске қосылады. Атап айтқанда, плацебо ми рахат, жетістік сияқты сезімдерге жауапты дофамин бөлуге әсер етеді. Одан эндоканнабиноидтар шығады. Ол дегеніміз көңіл-күйді көтеріп, тәбетті реттейді. Соның нәтижесінде плацебо ішкеннен кейін эндоопиоидтар бөліне бастайды. Олар синтетикалық дәрілер сияқты ауру, аштық, шөл сияқты сезімдерді тоқтатып тастайды. Осылайша адамның басының ішінде физикалық та, жағымсыз сезімдерді де азайтатын дәріхана жұмыс істегендей болады. Демек, плацебо эффектісі биологиялық түбі жоқ, еш сиқыры да жоқ эффект деген сөз.
Плацебо эффектісі иммун жүйесіне қалай әсер етеді?
Кей ғалымдар плацебо эффектісі адамның иммун жүйесіндегі процестерді де өзгерте алады деп есептейді. Ондай тұжырым жасалуына негіз де жоқ емес. Рочестер университетінің ғалымдары — Роберт Адер мен Николя Коэн 1975 жылы мынадай зерттеу жасайды. Олар егеуқұйрықтарға дәмі тәтті қантты сироп берген. Сөйтіп оған циклофосфамид қосады. Ол ісікке қарсы қолданылатын, иммунитетті әлсірететін химиотерапиялық препарат. Одан кейін зерттеудің екінші деңгейінде сироптың ішінен циклофосфамидты алып тастайды. Бір қызығы, егеуқұйрықтардың ағзасы әлгі сиропты ішкен кезде баяғыдай реакция берген екен. Яғни егеуқұйрықтар плацебо ішіп жатса да, иммун жүйесі әлсірей берген.
Дегенмен кей ғалымдар плацебоның тірі азғаның иммун жүйесін өзгертеді деген пікірмен келіспейді. Теория жүзінде болсын, іс жүзінде болсын адамның иммун жүйесіне әсер етуі мүмкін деп елестету қиын дейтіндер бар. Ғалымдар бұл әсердің субъектив факторлары бар деп есептейді. Өйткені ғылыми әдебиеттерде бұл болжамдар дәлелденбеген.
Клиникалық зерттеулер
Плацебо қазіргі заманда жаңа препарат жасалып жатқан кезде плацебо эффектісі болып шықпас үшін байқау мақсатында қолданылады. Яғни плацебо арқылы фармацевтикалық және биотехнологиялық компаниялар зерттеу жасап, жаңа дәрінің адам сенімінен емес, препараттың шынында көмектесетінінен деп дәлелдеп көрсетеді. Мұндай зерттеулерде екі топ зерттеуге қатысады. Бірінші топқа шынында көмектесетін дәрі беріледі де, екіншілеріне плацебо беріледі. Ең қызығы, бұл зерттеулерде зерттеушілер де, сынаққа қатысып жатқандар да нақтысы қайсысы плацебо екенін білмейді. Сөйтіп осы екі топты салыстыратын кезде дәрі терапиясынан кейін (мысалы науқастар ауырғаны қойды ма, басылды ма — соны айтады) субъектив және объектив эффектілер өлшенеді. Міне, сол кезде ғана зерттеушілер науқастардың қайсысы плацебо ішкенін біледі. Клиникалық зерттеудің бұл кезеңі шынымен дәрі ішкендердің тобында әсер еткендері көп болғанда тәмамдалған болып саналады. Яғни дәрінің расында көмектесіп-көмектеспейтіні осылай белгілі болады.
Мәселен коронавирус кезінде Спутник V вакцинасының қаншалықты әсер беретінін тексеру үшін плацебо қолдана отырып зерттеу жасалды. Оны Гамалея атындағы орталық өткізген еді. Үшінші және тіркеуден кейінгі фаза кезінде 40 мың ерікті адам қатысып, оның ішінде 10 мыңына плацебо егілуі керек болған. Осылайша 2020 жылы күзде The Lancet журналында аралық нәтижелер жарияланған болатын. Спутник V вакцинасын 16 427 адам алып, 5 435 адамға плацебо егілді. Үшінші және төртінші фаза аяқталған кезде, бастапқы жоспарға сай 40 мың қатысушы 2022 жылдың соңына қарай қатысқан еді.
Ноцебо деген қандай эффект?
Әр эффектінің кері түрі болатыны белгілі. Плацебоға да қарама-қарсысы эффект бар. Ол — ноцебо эффектісі. Бұл дегеніміз адамның жай-күйіне кері әсер беретін препарат. Бірақ мұнда да ол дәрінің құрамына байланысты емес, адамның өз ішіндегі «мынау маған зиян» деген сенімінен туады. Ноцебо эффектісінің мысалы ретінде мынаны айтсақ болады: кей адамдар дәріні ішетін кезде қандай кері әсері болуы мүмкін екенін оқып алады. Сөйтіп дәріні ішкеннен кейін әлгі белгілерді өзінен байқап, жағдайы қиындайды. Ноцебо эффектісі деген осы. Психологияда бұл эффектіні ағзаға жаман әсер беретін негатив ойлар деп сипаттайды.
Пандемия кезінде ноцебо эффектісіне қатысты күрделі жағдай аз болған жоқ. Өмірден алынған мына оқиға соның айқын көрінісі бола алады. Коронавирус кезінде ерлі-зайыпты ауруханаға бірге түсіп қалады. Күйеуінің жағдайы нашарлап, қайтыс болады. Ал әйелі болса, ол кезде жансақтау бөлімінде жатқан. Сол кезде күйеуінің қайтқанын дәрігерлер әйелге естіртпеген. Өйткені егер естісе, оның да жағдайы нашарлап кетуі мүмкін еді. Осылайша әлгі әйелдің халі жақсарып, жансақтау бөлімінен әдеттегі палатаға ауысады. Денсаулығы қалыпқа келген соң, ауруханадан шығаруға дайындалып жатқанда туыстары күйеуінің қайтқанын айтады. Сонда әйел қайтадан реанимацияға түсіп қалып, көп ұзамай қайтқан екен. Бұдан көретініміз — адам ой арқылы өзін бағдарламалай алатыны. Онсыз да әлсіз ағзаны жаман ой одан сайын күйретеді.
Плацебоның пайдасы мен зияны
Плацебо эффектісі көбіне сенгіш, өзін сендіруге шебер адамдарда болады. Яғни табиғатынан аңғал, әсершіл, жұмсақ, мейірімді адамдар осылай өзін сендіргіш келеді. Ғалам тұрғындарының шамамен 5-10-ы осы топқа жатады екен. Аурумен күресуге осы сенгіштіктің көмектесетіні жақсы, әрине. Бірақ кейде әлдебір мәселелердің шешімі таблеткада ғана бола бермейді. Олай болса, медицинада плацебо қолданғанның қандай пайдасы мен зияны барына тоқталайық.
Пайдасы
Клиникалық зерттеулерде қолданылатынын айтуға болады. Бұған дейін айтқанымыздай, плацебо клиникалық зерттеулерде пайдаланылады. Соның арқасында нарыққа адамдар өзі сенгеннен ғана көмектеспей, шынында әсер ететін препараттар шығарылады. Демек ауруды емдеуге келгенде оң әсері бар дәрілер белгілі болады. Келесі бір пайдасы — ауруды жеңілдетеді. Көңіл-күй жақсарып, емделемін деген сенім болған кезде ол денсаулыққа жасушы деңгейінде әсер етпесе де, науқастың жалпы жай- күйіне жақсы әсер беретіні анық. Ал өзін жақсы сезінген кезде адам дертпен жақсы күреседі. Емделіп жатқанда эмоцияның тұрақты болғаны дұрыс. Плацебо эффектісі осындай оң әсер береді.
Кемшіліктері де жоқ емес
Ол медициналық сауатсыздықты тудырады. Бір қарағанда онда тұрған не бар деуіңіз мүмкін. Шынымен плацебоның адам денсаулығына кері әсері жоқ. Сондықтан дәрігерлердің кейбірі медициналық проблемаға жатпайтын мәселеге қатысты көмек сұрап келсе, осындай терапия беруі мүмкін. Яғни адамның көңілін қалдырмау үшін бере салатындар болады. Дәрігер оның еш пайдасы болмайтынын біледі. Бірақ соған қарамастан жазып береді. Негізі олар «өтірік» дәрі жаза берудің орнына науқастың жағдайын қалай жақсартуға болатынын түсіндірсе де болар еді. Яғни сәл ауырса болды дәріге жүгірудің жақсы емесін ұғындыруға мүмкіндігі бар. Мысалы, бір жағдайларда дәрі ішудің орнына өмір салтын, кей әдеттерді қойып, өзгертсе жағдайы жақсаратын болуы мүмкін. Сөзді көбейтпей, науқастан тез құтылу үшін осындай плацебо жаза салуға құмар болған жақсы емес.
Дәрігерлердің осы әдеті мен «дәрі ішсем болды, жазылам» дейтін соқыр сенім науқастар арасында медициналық сауаттан мақұрым адамдарды көбейтеді. Мысалы коронавирустан емдейтін дәріні дәріханадан сатып ала алмаймыз. Сөйтіп өте жеңіл түрде инфекция жұқтырғандар вирусқа қарсы препараттарды дәріханадан толтырып әкеліп алып, іше береді. Айталық, сондай дәрінің бірі — «Арбидол». Ол — емдейтіні дәлелденбеген препарат. Екіншіден, коронавирустың жеңіл түрін өткеріп жатқандар емделмесе де болады.
Плацебоның ауруды жеңілдеткендей әсер бергенімен, түбегейлі емдемейтіні белгілі. Демек, қатты науқастанып жатқан адамға плацебо еш әсер етпейді. Осыны есте ұстау керек. Санаға сіңірілген механизмдер мен денедегі түрлі реакция тізбегі тиісті дәрежеде әрі өте жылдам уақытта ағзадағы физиологиялық процестерге әсер ете алмайды. Қай адамда плацебо эффектісі әсер беріп, қайсысына әсер етпейтінін дәл анықтау мүмкін емес. Бүкіл мәселеге шешім деп көрудің қажеті жоқ.