«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеудің жаңа қағидалары бекітілді, деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Үкімет қаулысы
2025 жылғы 17 қаңтарда «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларын бекіту және «Болашақ» халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттарын айқындау туралы» ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 11 маусымдағы № 573 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» ҚР Үкіметінің Қаулысы қабылданған. Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қандай өзгерістер бар
Үміткерлерді іріктеудің жаңа қағидалары сәйкес, қажетті балл санын жинамаған үміткерлер келесі турға жіберілмейді.
Одан бөлек мемлекеттік қызмет аппаратын одан әрі жақсарту мақсатында «мемлекеттік қызметшілер» категориясы енгізілген. Бұл категория бойынша мемлекеттік қызметкерлерге «магистратура» бағдарламасына қатысу үшін тіл курстарынан өту мүмкіндігі ұсынылады.
Сондай-ақ бағдарлама түлектері еңбек өтілімін Қазақстан Республикасы мүше халықаралық ұйымдарда, мысалы, БҰҰ, ЮНЕСКО, ШЫҰ және ТМҰ сияқты ұйымдарда өтеу мүмкіндігі қарастырылған.
Конкурстық іріктеу үшін қажетті құжаттар тізбесіне уәждемелік хат енгізілген. Бұдан басқа, конкурстық іріктеуден өте алмаған үміткерлерге сол күнтізбелік жылы конкурсқа қайта қатысу құқығы беріледі.
Бұған дейін 2025 жылы «Болашақ» халықаралық стипендиясына құжат қабылдау қашан басталатынын жазғанбыз.
Сондай-ақ «Болашақ» степендиясы иегерлерінің шетелдегі оқуы қанша тұратыны белгілі болған.