Трамптың Ақ үйге қайта оралуы: инвесторлар қор нарығында нені ескеруі керек?
Бүгін, 20 қаңтарда Дональд Трамп АҚШ президенті қызметіне кіріседі. Америкалық БАҚ оның экономикалық бағдарламасының ықтимал салдарын сараптап жатыр.
Market Watch басылымының сарапшылары инвесторларды «қиын жол» күтіп тұрғанын ескертті. Олар Трамп саясатының белгісіздік факторларына назар аударып отыр. Бұл жағдайда акцияларды объективті бағалау қиынға соғады.
Нарық үшін ең үлкен тәуекелдерден импортқа салынатын тарифтер (Мексика мен Канада тауарларына – 25%, Қытай тауарларына қосымша – 10%) және мигранттарға қарсы күресті атауға болады. Бұлар инфляция мен еңбек нарығына әсер етеді.
Банктер реттеудің қысқаруынан пайда көруі ықтимал. Алайда бұл саясаттың бағыты әлі айқын емес. Салықтардың қысқаруы шағын компаниялар секторын ынталандыруы мүмкін.
Yahoo Finance сарапшылары АҚШ қор нарығының құрылымы айтарлықтай өзгергендіктен, ағымдағы тенденцияларды тарихи орташа деректермен салыстыру қиын екенін алға тартып отыр. 80-жылдары нарықтың 70%-ын өндіріс құраса, қазір big tech, денсаулық сақтау және қаржы секторы нарықтың 50%-дан астамын иеленіп жатыр. Соңғы екі жылда S&P 500 индексінің 40%-дық өсімін тек 10 компания ғана қамтамасыз етті.
Bloomberg те Трамптың жеңісінен кейінгі алғашқы эйфорияның бәсеңдегенін хабарлады.
Криптовалюта нарығы салыстырмалы түрде тұрақты. Өйткені бұған дейін бұған қатысты «алаяқтық» деген көзқарасты ұстанып келген Трамп «Американы әлемнің криптоастанасына айналдырамыз» деп жер-жаһанға жар салды.
Сондай-ақ 19 қаңтрада Дональд Трамп өзінің жеке $TRUMP криптовалютасын таныстырды. Криптовалюта алғашқы сауда сағатының өзінде 3 млрд долларлық капитализацияға жетті. Сауда басталғаннан кейінгі бір жарым сағатта бұл көрсеткіш 4,3 млрд долларға дейін өсті.