«Ең қиын келіссөздердің бірі». Байден қызметінің соңғы күнінде мәлімдеме жасады

Жарияланды
Коллаж: KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

АҚШ президенті Джо Байден 19 қаңтардағы Израиль мен ХАМАС арасында атысты тоқтату және тұтқындарды босату туралы келісімге байланысты мәлімдеме жасады. Голос Америки басылымының жазуынша, Байден сөйлеп жатқанда жүздеген гуманитарлық көмек тиелген жүк көлігі Газаға кіріп жатқан.

«Қаншама азап, қирату және адам өліміне қарамастан, бүгін Газада атыс тоқтады», -деді ол.

Президент жексенбіде үш израильдік әйел, Газаның астындағы туннельдерде 470 күн бойы қамауда болған тұтқындар Қызыл Крестке тапсырылғанын хабарлады. Байден тағы төрт әйел жеті күннен кейін босатылатынын, одан кейін әр апта күн сайын үш тұтқын, оның ішінде ең болмаса екі АҚШ азаматы босатылатынын атап өтті.

Басылым соғыс басталған 2023 жылғы 7 қазаннан бері екінші рет жасалған атысты тоқтату келісімі Байден мен болашақ Трамп әкімшілігі күш-жігерінің арқасында мүмкін болғанын атап өтті.

Жексенбіде босатылған тұтқындар – ХАМАС босатуға міндетті 33 адамның алғашқы бөлігі.

«Бүгінгі атысты тоқтату мен тұтқындарды босату ісі – бірнеше ай бойы ұстанған принципті және тиімді саясатымыздың нәтижесі. Біз бұған Батыс Азияда кең ауқымды соғыс бастамай жеттік. Енді келесі әкімшілік бұл келісімді жүзеге асыруға көмектесуі тиіс», – деді ол.

Сәрсенбіде Ақ үйде сөйлеген сөзінде Байден: «Бұл соғысты аяқтаудың жалғыз жолы тұтқындарды босату болды. Бұл келіссөздер өмірімдегі ең қиын келіссөздердің бірі болды», – деп атап өткен ол келісім ақыры жүзеге асқанына қуанышты екенін білдірді.

Байден мәлімдемені президенттік лауазымының соңғы күнінде жасады.

Бұған дейін Газа секторында атыс тоқтатылғанын хабарлағанбыз.

Келісім бұдан ертерек күшіне енуге тиіс болған. Алайда тараптар келісімнің бұзылғанына бірін-бірі бірі кінәлап шыққан.

Сондай-ақ оқыңыз