Жаңалықтар

Думан Мұхаммедкәрімді әкесімен неге кездестірмеді? Қылмыстық атқару жүйесі жауап берді

Думан Мұхамедкәрімнің әкесін ұлын көруге кіргізбеді/ Фото: Абзал Достияров, коллаж KursivMedia

Қызылордадағы №60 мекемеде жазасын өтіп жатқан журналист Думан Мұхаммедкәрімді Қылмыстық атқару кодексінің талаптарын сақтамағаны үшін жалғыз адамдық камераға қамаған. Соның салдарынан журналист әкесімен кездесе алмаған. Бұл туралы Қызылорда облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің Kursiv.Media-ға жолдаған жауабында айтылады.

Департамент Мұхаммедкәрім 2024 жылғы 19 желтоқсанда №71 мекемесінен №60 мекемесіне ауыстырылғанын, оған Қылмыстық атқару кодексінің 10(Сотталғандардың негізгі құқықтары) және 11 (Сотталғандардың негізгі міндеттері) баптарының талаптары толық түсіндірілгенін атап өткен.

«Алайда аталған сотталушы міндеттерін орындаудан бас тартқаны үшін ҚР-сы ҚАК-нің 130-бабына сәйкес тәртіптік шаралар, тәртіптік бұзушылықтар қайталану салдарынан, 30 тәулікке жалғыз адамдық камераға оқшауланған», – делінген ҚАЖ департаментінің жауабында,

Сондай-ақ департамент журналист жалғыз адамдық камерада ай сайын тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды сатып алуға жазасын өтеу кезеңінде тапқан қаражатының төрт айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiндегі бөлігін жұмсай алатынын, күн сайын бiр жарым сағатқа серуенге шығарылатынын атап өткен.

2025 жылғы 6 қаңтарда Қызылордаға пойызбен 22 сағат жүріп барған Алмас Тілепов ұлы Думан Мұхаммедкәріммен кездесе алмағанын мәлім еткен.

Оның айтуынша, мекеме басшылығы шектеу шарасын Думан түрме киімін кимегеніне, әжетхананы жумағанына бола салған. Думанды сыртқы әлемнен оқшаулаған, жақындарымен кездестірмейді, сәлемдеме кіргізуге де рұхсат жоқ. Тек телефонмен тілдесуге мүмкіндік берілген.

Думан Мұхаммедкәрім тәуелсіз журналист, Ne Deidi YouTube-арнасының авторы. 2024 жылы экстремизмді қаржыландырды, тыйым салынған ұйым жұмысына араласты деген айыппен 7 жылға сотталған. Оған қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовтан алған сұхбатында Қазақстанда экстремистік деп танылған ҚДТ ұйымының шоттарын жариялауы себеп болған. Журналистің жақтастары оның сотталуына Қаңтар оқиғасынан кейінгі саяси белсенділігі себеп деп санайды.