Орталық сайлау комиссиясы саяси партияларды қаржыландыру ережелеріне өзгеріс енгізді. Бұл туралы ОСК-ның «Саяси партияларды қаржыландыру ережелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының 2009 жылғы 3 қыркүйектегі № 166/314 қаулысына өзгеріс енгізу туралы қаулысында айтылған.
Өзгеріске сай, қаржыландыру мөлшері соңғы сайлау нәтижелері бойынша Мәжіліске ұсынылған саяси партияларға дауыс берген әр сайлаушы үшін 0,65 АЕК көлемінде есептеледі.
Бұрынғы норма бойынша қаржыландыру мөлшері республикалық бюджет туралы заңға сәйкес, әр сайлаушы үшін минималды жалақының 3%-ы мөлшерінде есептеліп келген. Өзгерістер 2025 жылдың 17 қаңтарынан бастап күшіне енді.
Қай партия қанша алады
2025 жылы айлық есептік көрсеткіш 3932 теңге. Ал 0,65 АЕК 2555,8 теңгеге тең.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, 2023 жылғы 19 наурызда өткен Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің сайлауында «AMANAT» партиясы 3 млн 431 мың 510 дауыс жинаған. Демек билік партиясы бюджеттен жылына 8,7 млрд теңгеден астам қаражат алады.
693 мың 938 дауыс жинаған «Ауыл» партиясына 1,7 млрд теңге бөлінсе, «Respublica» партиясын қаржыландыруға 1,3 млрд теңге (547 мың 154 дауыс), Қазақстан Халық партиясы 1,1 млрд теңге (432 мың 920 дауыс), «Ақ Жол» 1,3 млрд (535 мың 139 дауыс), Жалпыұлттық социал-демократиялық партияны қаржыландыруға 846 млн теңге (331058 дауыс) қарастырылған.
Бұған дейін, тіркеле алмай жүрген Yntymaq партиясы саяси партиялар туралы заңды өзгертуді талап етіп, президентке үндеу жолдаған.