2025 жылы Ұлттық банктің Қазақстан қор биржасында сататын валюта көлемі 7,4 млрд долларға артуы мүмкін. Экономист Ғалымжан Айтқазин жалпы бір жылда Ұлттық банктің биржаға шығаратын валюта көлемі 15-16 млрд долларды құрауы ықтимал деген болжам жасайды.
Сарапшының есебінше, 2024 жылы Ұлттық қордан 10,2 млрд доллар валюта сатылған. Одан бөлек, квазимемлекеттік компания акцияларын сатып алуға да қаржы жұмсалды. Биыл да қордан сатылатын валюта көлемі де рекорд деңгейіне жетеді. Өйткені Үкімет бюджет жоспарында трансферт ретінде Ұлттық қордан 5,3 трлн теңге алуды қарастырып отыр.
Сонымен қатар былтыр Ұлттық банк квазимемлекеттік сектор компаниялары түсімінің 50%-ын жергілікті валюта нарығында сатуды міндеттейтін қаулы қабылдады. Яғни ірі компаниялардың экспорттан түскен долларының бір бөлігі ішкі қор нарығына түсуі ықтимал.
Үшіншіден, Ұлттық банк биыл теңгеге қысымды азайту үшін алтын-валюта резервін пайдаланады. Ішкі нарықтан алтынды теңгеге сатып алып, оны сыртқы нарыққа сатып, түскен долларды қор биржасына шығарады. Сарапшылар осылайда Қазақстанның валюта нарығына қосымша 6 млрд доллар түседі деп есептейді.
Осының нәтижесінде Ұлттық банктің KASE биржасына шығаратын валюта көлемі 15-16 млрд долларға дейін жетуі мүмкін.
«Жалпы қор нарығында қанша валюта сатылатыны алдын ала белгілі болса, басқа факторлар өзгеріссіз қалған жағдайда, валюта бағамы үшін оң әсер етеді және алдағы айларда теңгенің нығаюына алып келуі мүмкін. Алайда ұзақмерзімді перспективада Ұлттық банк пен квазимемлекеттік сектордың валюта нарығындағы үлесінің артуы жақсы емес. Себебі бұл нарықта үлкен тәуелділік тудырады», – деп түйіндейді сарапшы.
Теңгеге қысымды азайту үшін бас банктің алтын-валюта қорын пайдаланатыны 17 қаңтарда белгілі болды. ҰБ төрағасы Тимур Сүлейменов алтын сату келесі аптадан басталатынын хабарлады.