Болат Назарбаевтың Майра Құрманғалиевадан туған ұлы Ханболат Назарбаев Астанада салынып жатқан ғимаратты ағасы Данияр Кесікбаевтың атына жазып берген. Бұл нысанды бұрын сот бұзуға шешім шығарған. Бұл туралы Nege.Aqsha басылымы жазды.
Астана қаласы Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, әңгіме Тәуелсіздік даңғылы, №9, №11 мекенжайлары бойынша орналасқан бұрын мейрамхана мен қонақүй кешені болған ғимарат жайлы.
2024 жылдың желтоқсан айында тексеру жұмыстарынан кейін құқық бұзушылықтар анықталған. Nege.Aqsha басылымының жазуынша, Ханболат Назарбаев қонақүйді бұзып, ойын-сауық орталығын салуды бастаған.
Осы сауда орталығын салу жұмыстарына байланысты Назарбаев осыған дейін жауапқа тартылған. Дәлірек айтқанда, сараптамадан өтпеген жоба құрылысы (ӘК 316-бабы 1-бөлігі) және техникалық регламенттерсіз құрылыс жүргізу (ӘК 463 1-бөлім) және рұқсатсыз жұмыс жүргізу (ӘК 319-бап) бойынша жауапқа тартылуы тиіс болған.
«Х. Болатұлы бұл нысанды сыйға тарту шарты бойынша Д. Кесікбаевқа тапсырды. Осыған байланысты басқарма сыйға тарту шартын жарамсыз деп тану туралы Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына талап-арыз жолдады», – деп хабарлады басқарма.
Ханболат Назарбаев – Болат Назарбаевтың Майра Құрманғалиевадан туған ұлы. Ал ол ғимаратты сыйға тартқан Данияр Кесікбаевпен анасы бір, әкесі бөлек.
Айта кетейік, осыған дейін Болат Назарбаевқа тиесілі болған ғимараттың аукционда 1,5 млрд теңгеге сатылғанын жазған едік.