Режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильмі Швецияда өтетін Скандинавия өңірінің бас кинофестиваліне арнайы шақырту алған. Бұл туралы туынды авторы хабарлады.
Елзат Ескендірдің жазуынша, фильм 24 қаңтар мен 2 ақпан аралығында өтетін Скандинавия өңіріндегі 48-халықаралық Готеборг кинофестивалінде көрсетіледі. Бұған қоса, 11-18 ақпан айлары арасында өтетін Францияда өтетін Везуль Азия киносының халықаралық кинофестиваліне де шақырту алған.
«Фильмнің Готеборгтегі көрсетілімі – туындының Европалық премьерасы, ал Везульдегі көрсетілімі – франциялық премьерасы ретінде қарастырылуда», – дейді режиссер.
«Қазақфильм» киностудиясында түсірілген фильмнің тұсауы Оңтүстік Кореядағы Пусан кинофестивалінде кесілген. Фильмде Кеңес Одағы ыдыраған тұстағы қазақ ауылының өмірі, жемқорлық пен жаңадан келген жабайы капитализм жүйесі көрсетіледі. Халықаралық продюссері Юлия Ким болса, операторы поляк кино өнерінің өкілі Йоланта Дильевска, рөлдерде Ерлан Төлеутай, Нұржан Бексұлтанова мен Әлихан Лепесбай.