Қазақстан интернет жылдамдығы бойынша Жапониядан асып түсті

Жарияланды 20 Қаңтар 2025 12:18

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Қазақстан интернет жылдамдығы бойынша Жапониядан асып түсті / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Интернет жылдамдығын өлшейтін Speedtest сервисі 2024 жылдың желтоқсан айына арналған әлем елдерінің рейтиңін жариялады. Бұл тізімде Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша 57-орынды иеленіп, Испания мен Жапонияның арасында орналасты.

2024 жылдың соңында Қазақстандағы мобильді интернеттің орташа жылдамдығы 53,76 Мбит/с құрады. Салыстырмалы түрде, Жапониядағы көрсеткіш 53,54 Мбит/с болды. Рейтиң көшін Біріккен Араб Әмірліктері бастап, соңғы орынға Ауғанстан (110-орын) орналасты.

Фиксті (кең жолақты) интернет бойынша Қазақстан 88-орынға тұрақтады. Бұл санатта Қазақстандағы орташа жылдамдық 73,67 Мбит/с болды. Көршілес Қырғызстан бұл тізімде жоғары орынға жайғасса, Қазақстаннан кейінгі орынды Багам аралдары иеленді. Рейтиң көшін Сингапур бастап, соңғы орынға Куба орналасты.

Қалалар арасындағы көрсеткіштер

Speedtest сонымен қатар әлемнің ірі қалалары бойынша рейтиңін жариялады. Қазақстанда мобильді интернет жылдамдығы екі қалада – Алматы мен Астанада өлшенді. Нәтижесінде:

  • Алматы 93,71 Мбит/с көрсеткішпен 63-орынға ие болды.
  • Астана 83,87 Мбит/с жылдамдықпен 71-орынға орналасты.

Еске сала кетейік, бұған дейін Цифрлық даму министрлігі елімізде 100-ден астам ауылда 5G жылдам интернеті қосылатынын мәлімдеген еді.

Сондай-ақ оқыңыз