Жаңалықтар

СҚО-да криптовалютамен заңсыз айналысқан топтың 681 млн теңгелік әрекеті әшкереленді

СҚО-да криптовалютамен заңсыз айналысқандар сотталды / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті цифрлық активтерді заңсыз айналымға шығару фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп аяқтады.

Тергеу барысында үш азамат лицензиясыз криптовалюта қабылдау және айырбастау операцияларын жүргізгені анықталды.

681 млн теңгеден астам заңсыз айналым

Тергеу нәтижесінде күдіктілер жалпы сомасы 681 млн теңгеден астам заңсыз айырбас операцияларын жүзеге асырғаны белгілі болды. Бұл операциялар 380 адамның қатысуымен жүргізілген және олардың банктік шоттардан алынған үзінділері арқылы расталды.

Сот үкімі және тәркіленген мүліктер

Сот шешімі бойынша үш күдікті 2,5 жылдан 3,5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, сондай-ақ олардың мүліктері тәркіленді. Жалпы құны 400 млн теңгені құрайтын мүлік мемлекетке өткізілді. Тәркіленген мүліктердің қатарында:

  • 10 млн теңге көлемінде активтер;
  • 150 млн теңгеге бағаланған жылжымайтын мүлік;
  • Жалпы құны 213 млн теңге болатын бес автокөлік;
  • 12 млн теңгелік квадроцикл және қымбат компьютерлік жабдықтар.

Мұндай құрылымдар клиенттерін сәйкестендірмегендіктен және күдікті операцияларды анықтамағандықтан, көбіне кибералаяқтар мен есірткі сатушылардың құралына айналады. Мәселен, 2024 жылы осындай схемалар арқылы 10 миллиард теңгеге есірткі табыстары шығарылған.

ҚР «Цифрлық активтер туралы» Заңына сәйкес ел аумағындағы цифрлық активтерге қатысты кез келген қызмет лицензиялауды қажет етеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада заңсыз жолмен криптовалюта айырбастаған екі адам 7 млрд теңге айыппұл төлеген еді.