Жаңалықтар

ЕАЭО-ға мүше елдер ішінде Ресей мен Қазақстанда инфляция ең жоғары деңгейде

ЕАЭО инфляция
ЕАЭО-ға мүше елдер ішінде инфляция баяулаған ел – Белорусь / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

ЕАЭО-ға мүше елдер ішінде Ресей мен Қазақстанда инфляция жеделдей түскен. Бұл туралы Еуразиялық даму банкінің макро шолуында жазылған.

Ресей

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасында Ресейде инфляциялық көрсеткіштер ең жоғары. Бұл елде инфляция қарашадағы 8,9%-дан желтоқсанда 9,5%-ға артқан.

«Бағаның өсуі тұтыну қоржынының барлық негізгі топтары бойынша жеделдеді. Оның жылдам көтерілуіне азық-түлік өнімдерінің бағасы қатты әсер етті. 2024 жылдың желтоқсанында азық-түлік бағасы 11,1% өсті», – делінген банк шолуында.

Ал базалық инфляция 2024 жылдың қарашасындағы 8,3%-дан желтоқсанда 8,9%-ға көтерілген. Инфляцияның жеделдеуі салдарынан Ресейдің Орталық банкі ақша-несие саясатын қатаң ұстанып, негізгі мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін шектеуге мәжбүр.

Қазақстан

Ресейден кейін инфляциясы қарқын алған елдер қатарында Қазақстан екінші орында тұр. Қазақстанда желтоқсан айында инфляция 8,6% деңгейінде болған. Инфляциялық қысымға байланысты Ұлттық банк 17 қаңтарда базалық мөлшерлемені 15,25 пайыз деңгейінде қалдырды. Реттеуші жаһандық бағалардың өсуі және негізгі сауда серіктестерінің бірі Ресейдегі инфляцияның да үдеуіне байланысты базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды. Сонымен бірге банк шешіміне сыртқы инфляциялық қысымның жоғары болуы әсер еткен.

Қырғызстан

2024 жылдың аяғында инфляциялық ахуал Қырғызстанда да күрделене түсіп, қарашадағы 5,7% деңгейінен 6,3%-ға көтерілді. Бұл елде де дәл Ресейдегідей инфляцияның жеделдеуіне азық-түлік бағасының қымбаттауы себеп болған. Елде азық-түлік инфляциясы 5,4%-ға жеткен. Ал азық-түлік бағасының көтерілуіне әлемдік бағалардың көтерілуі әсер еткен. Сонымен бірге соңғы айларда қырғыз сомы да әлсірей түсіп, инфляцияның күш алуына жол ашқан. Алайда, бұл елде инфляция Қырғызстанның ұлттық банкі бекіткен 5-7% дәлізден аспаған.

Белорусь

ЕАЭО-ға мүш елдер ішінде инфляциясы баяулаған жалғыз ел – Белорусь. Бұл елде жылдық инфляция 2024 жылдың қараша айындағы 5,5% деңгейден 5,2%-ға төмендеген. Мұнда азық-түлік бағасы 2024 жылғы желтоқсанда бір ай бұрынғы 6,7%-дан кейін 6,5%-ға төмендеген. Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар 3,4%-ға көтерілген. Инфляцияның баяулауына реттелетін тауарлар мен қызметтер бағасының өсу қарқынының баяулауы айтарлықтай әсер еткен. Оның көрсеткіштері 2024 жылғы қарашадағы 5,1%-дан кейін 2024 жылғы желтоқсанда 4,4%-ды құраған. Сонымен бірге базалық инфляция желтоқсанда өткен айдың деңгейінде қалып, 5,5%-ды құраған. Бұл елде инфляциялық дәліз 6%-дан аспайды, яғни Белорусь мақсатты көрсеткішке жеткен.

Армения

Армениядағы инфляциялық көрсеткіштер ең төмен деңгейде. Десе де, бұл елде инфляция біршама көтерілді. 2024 жылдың қараша айында 1,4% болса, желтоқсанда 1,5%-ға өскен. Ал азық-түлік бағасы қараша айындағы 1,7% деңгейден 2%-ға артып отыр. Желтоқсанда қызмет көрсету бағасының өсімі жыл сайынғы 2,5% деңгейінде қалған. Ал азық-түлікке жатпайтын сегменттегі деинфляция бәсеңдеп, қарашадағы 2,1% көрсеткіштен 1,8%-ға төмендеген.

Еске сала кетсек, Қазақстан ЕАЭО бойынша кедендік түсімнен алатын үлесін 1,5%-ға арттыруды көздеп отыр.