Прокатқа шығатын фильмдердің 19%-ы ғана қазақ тілінде

Жарияланды
қазақ тіліндегі фильмдердің
2023 жылы прокатқа шыққан қазақтілді фильмдердің үлесі 16%-ды құраған /Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанда прокатқа шығатын қазақтілді фильмдердің үлесі 19%-ға жеткен. Бұл туралы депутаттардың сауалына берген жауабында премьер-министр Олжас Бектенов айтқан.

Премьер-министрдің пікірінше бұл көрсеткіш қазақтілді туындыларға деген сұраныстың артқанын білдіреді. Өйткені 2023 жылы қазақтілді фильмдердің үлесі небәрі 16%-ды құраған.

«Статистикалық деректер бойынша 2024 жылы прокаттағы қазақ тіліндегі фильмдердің үлесі 19 %-ға жеткен. Бұл қазақ тіліндегі контентке сұраныстың арта түскенін көрсетеді», – дейді Бектенов.

Сонымен қатар премьер-министр Мәдениет және ақпарат министрлігінің қазақтілді контенттің үлесін арттыру бойынша тиісті шаралар қабылдап жатқанын айтқан.

Тіл саясатын дамыту тұжырымдамасына сәйкес «Қазақ тіліндегі контенттің үлесін арттыру», «Әзірленген мемлекеттік тілдегі анимациялық өнімдердің көлемі» нысаналы индикаторларына сәйкес шаралар атқарыла бастаған. Сонымен қатар мемлекет қолдауымен жарыққа шығатын барлық фильмдер қазақ тілінде түсіріліп, бірақ прокатқа екі тілде шығады.

Айта кетейік депутаттар таяу уақытта қазақ тілінде түсірілген киноны таппай қалу қаупі жоғары екенін айтып, мынадай шаралар қабылдауды ұсынды:

  • Отандық кино өнімдеріне әдеби, идеологиялық тұрғыда нақты бақылау орнату мақсатында кино түсіру саласына мемлекеттік лицензиялауды енгізу;
  • шетел киносының прокатынан өндірілген салықтың белгілі бір бөлігін отандық киноны дамытуға жұмсауды, мемлекеттік тапсырыс аясындағы киноның барлығын тек мемлекеттік тілде түсіруді заңнамалық қамтамасыз ету;
  • кенжелеп қалған кино сыны саласын жетілдіріп, әр жаңа фильмге қатысты кәсіби мамандардың сыни пікірлерін жариялайтын арнайы журналдар шығару.

Айта кетейік, 2024 жылдың қазан айында депутат Ринат Зайытов қазақтілді фильмдер түсірілгенімен, прокатқа шықпайтынын айтып, елге жетпейтін фильмдерге құр ақша шығындамауға шақырған.

Сондай-ақ оқыңыз