Мәжіліс депутаттары ойын бизнесіне және банктерге салынатын салық көлемін арттыруды ұсынып отыр. Сонымен бірге күнделікті өмірде жиі пайдаланылатын арзан трансмайларға акциз енгізілуі мүмкін. Бұл туралы өзінің Telegram арнасында депутат Асхат Аймағамбетов жазды.
Бірінші кезекте депутаттар ойын бизнесіне салынатын салықты көбейтуді ұсынып отыр. Жаңа Салық Кодексінің жобасында ойын бизнесіне салынатын салық көлемін 10%-ға тарттыру ұсынылған. Бірақ депутат ойын бизнесі, әсіресе, букмекерлік кеңселердің қаржылық әлеуетінің жоғары екенін ескере келе, салық көлемін екі есе көтеріп, 20%-ға жеткізуді ұсынған.
«Бұл бюджетті қосымша жүздеген миллиард теңгемен қамтамасыз ете алады», – дейді Аймағамбетов.
Депутаттар сонымен бірге банктер үшін корпоративтік табыс салығын арттыру (КТС) бюджетке қосымша қаражат ағынын алып келеді деп санайды. Салық жобасында банктер үшін КТС-ті 25%-ға көтеру ұсынылған. Депутаттар қаржылық қызметтердің артқанын әрі бұл саланың табысы жоғары екенін негізге ала отырып, банктер үшін КТС-ті 30%-ға дейін көтеруді ұсынған.
Бұдан бөлек күнделікті өмірде жиі қолданылып кеткен, денсаулыққа зиянды арзан трансмайлар мен алкогольге акциз енгізу ұсынылып отыр.
«Алкогольдік өнімдер бірінші қажеттілікке жатпайтын тауар болғандықтан, оған акциздерді арттыру қисынды деп санаймыз. Ал трансмайлар – арзан, бірақ өте зиянды, канцерогендік заттар. Оларды тамақ өнеркәсібінде кеңінен қолданады. Көптеген Еуропа елдерінің тәжірибесін ескере отырып, біз трансмайларға акциз енгізуді ұсындық. Бұл олардың қолданылуын азайтуға және өндірушілерді табиғи майларға көшуге ынталандыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл бюджетке қосымша табыс әкеледі», – дейді депутат.
Ал жаңа кодексте дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтерге ҚҚС енгізуге қатысты түзетулерге депутаттар қарсы. Депутаттар дәрілерге ҚҚС енгізуді зейнеткерлерге, балаларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға артық салмақ салу деп санайды. Бұл бірден дәрі-дәрмектің қымбаттауына әкеледі. Сол үшін депутаттар дәрі-дәрмектерді ҚҚС-тан босату туралы норманы сақтап қалуды ұсынып отыр. Депутаттар сонымен бірге медициналық қызметтерге енгізіліп жатқан салық мөлшерлемесін де төмендетуді ұсынған.
Банк операцияларына салынатын салық халыққа тиімсіз
Депутаттар сонымен бірге банк операцияларына қосымша құн салығын (ҚҚС) енгізу жөніндегі Үкімет ұсынып отырған жаңа нормаларға қарсы.
«Үкіметтің банктік аударымдар мен басқа да банк операцияларына ҚҚС енгізу ұсынысы ақылға қонымсыз. Қазірдің өзінде банктер арасындағы аударымдар құны, ҚҚС енгізіледі деген болжаммен, өсіп жатыр. Мысалы, Халық банктің картасынан басқа банктерге аударым 150 теңгеден 200 теңгеге дейін қымбаттады. ҚҚС қосылса, бұл банктердің емес, қарапайым азаматтардың шығындарын одан әрі арттырады. Біз бұл норманы қабылдамауға қарсымыз және негізгі қаржылық қызметтердің бағасының өсуіне жол бермеген абзал», – дейді депутат.
Депутаттар эндаумент қорларына қатысты салықтық жеңілдіктер ұсынған. Өйткені мұндай қорлардың әлеуметтік және білім беру саласындағы ұзақ мерзімді жобаларды қаржыландырудағы рөлі зор. Сол үшін мұндай қорлардың қайырымдылыққа жұмсалған сомаларын салықтан босату ұсынылып отыр. Бұған қоса B2B мәмілелеріне арнайы салық режимі бойынша мөлшерлемені 12%-дан 8%-ға дейін төмендету көзделген.
Аймағамбетов бюджет қаражатын тиімді пайдалану үшін шығындарды оңтайландыру қажет деп санайды.
«Мемлекеттік органдарға әкімшілік ғимараттар салу, үлкен стадиондар мен концерт залдарын тұрғызу, имидждік шаралар мен форумдар өткізу шығындарын қысқарту қажет», – дейді депутат.