Малайзияда қайтыс болған студент Нұрай Қадырдың өлімі бойынша тергеу жүріп жатыр – СІМ

Жарияланды
Сыртқы істер министрлігі шетелдегі Қазақстан азаматтарын консульдық есепке қою мәселесіне де түсініктеме берді./Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Малайзияда қайтыс болған 17 жасар қазақстандық студент қыз Нұрай Қадырдың өлімі бойынша тергеу жүріп жатыр. Бұл туралы Қазақстанның СІМ-і мәлімдеді.

«Біздің отандасымыздың қайтыс болуы дерегі бойынша ішкі тергеу жүріп жатыр. Қазақстан Республикасының Елшілігінің қызметкерлері осы госпитальмен тұрақты байланыс орнатқан. Тергеу нәтижесі марқұмның анасына беріледі», – деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.

СІМ-нің хабарлауынша, Қазақстанның Малайзиядағы елшілігі студент қыздың денесін елге жеткізу үшін жан-жақты көмек көрсеткен. Консул госпитальмен, университет және сақтандыру компанияларымен мәселені үйлестірген.

«Марқұмның сүйегін елге әкелуге қатысты барлық шығындар, жерлеу рәсімдері мен анасының әуебилеті медициналық сақтандыру есебінен жабылады», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Қазақстанның Малайзиядағы елшілігі қазақстандық студент оқыған университетпен де тығыз байланыста екенін алға тартып отыр. Құқықтық әрекеттерге байланысты мәселелерде марқұмның анасына жәрдем көрсетіп жатыр.

Сыртқы істер министрлігі шетелдегі Қазақстан азаматтарын консульдық есепке қою мәселесіне де түсініктеме берді.

«Бұл рәсім ерікті түрде жүзеге асырылады. Ешқандай міндеттемесі болмайды. Консульдік есеп қою азаматтарымыздың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды дер кезінде қамтамасыз етуге ықпал етеді. Соның ішінде шұғыл жағдайлар да бар. Ұсыным сипатында», – дейді СІМ.

2025 жылдың қаңтар айында Қазақстанның Малайзиядағы елшілігінде 63 студент консульдік есепке тұрған.  

Айта кететін жайт, желтоқсан айында Куала-Лампурдағы Xiamen қытай университетінде оқып жүрген Нұрай Қадыр малайзия ауруханасында қайтыс болды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол пневмония дертіне шалдыққан.

Мұның алдында Сыртқы істер министрлігі Ресейдегі жүрген қазақстандықтарға сақ болуды ескерткен еді.

Сондай-ақ оқыңыз