2025 жылдың 27 қаңтарынан 1 ақпанына дейін Қытай мен Қазақстан шекарасындағы автокөлік өткізу бекеттері жұмыс істемейді. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
Комиттеттің мәліметінше, бұл – Қытайдағы көктем мерекесін тойлауға байланысты. Жабық болатын уақыт – 27 қаңтар күні сағат 20:00-ден, 1 ақпан күні сағат 08:00-ге дейін. Осы аралықта Қазақстан мен Қытай шекарасындағы автомобиль өткізу пунктерінде адамдар, көлік құралдары мен жүктер өткізілмейді.
Десе де, теміржол өткізу бекеттері штаттық режимде жұмыс істей береді.
«Тасымалдаушылардан және барлық шекараны кесіп өтуге ниет білдірушілерден енгізілген шектеулерді ескере отырып, бағыттарын алдын ала жоспарлауды сұраймыз», – делінген хабарламада.
Көктем мерекесі – Қытайдағы ең атаулы мейрам. Жалпыхалықтық, отбасылық мереке. Қытайлар үшін Батыс елдеріндегі Рождество мерекесіне пара-пар. Осы уақыт аралығында шығыстағы көршілеріміз ескі жылмен қош айтысып, жаңа жылды қарсы алады.
Айта кететін жайт, Тәуелсіздік мерекесі күндері 16-17 желтоқсан күндері Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара бекеттерінде автокөлік қозғалысы тоқтатылады.