Жаңалықтар

Халықаралық валюта қоры: Қазақстан экономикасынан үміт бар

Қазақстан экономикасы 2025 жылы 5,5%-ға өседі / Фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Халықаралық валюта қоры жыл басында жариялаған 2025 және 2026 жылдарға арналған есебінде Қазақстан экономикасы жақсы өсім көрсетеді деп болжайды.

Қаржы ұйымының мәліметінше, 2025 жылы әлемдік экономика 3,3% өсім көрсетеді. 2024 жылы бұл көрсеткіш 3,2% болған еді. Экономикасы дамыған елдерде 2025 жылы өсім 1,6% болады деп болжаған. Банк мамандары бұған еңбек нарығының белсенді дамуы, инвестициялардың көбеюі әсер ететінін айтады. Бірақ 2026 жылы өсім баяулап, қалыпты деңгейге қайта түсуі мүмкін.

Осы жылы жақсы көрсеткішке жетеді деген мемлекеттер қатарында Қазақстан да бар. Қаржы ұйымы 2024 жылы күзде жариялаған есебінде экономика өсімі 4,6%-ға артады десе, енді 2025 жылдың қаңтарында бұл көрсеткішті жаңартқан. Өсім 5,5%-ға дейін барады деп болжайды. Бұл өзгеріс Теңіздегі кеңею жобасына байланысты болуы мүмкін. Бірақ 2026 жылға арналған болжамда көрсеткіш басқа. ХВҚ сарапшылары Қазақстан экономикасының өсімі баяулауы мүмкін деген қорытындыға келген.

Осы жылы кімнен үміт күту керек?

ХВҚ сараптауынша, Қытай экономикасы 2025 жылы 4,6%-ға өсуі мүмкін. Былтыр қазанда жариялаған есепте бұл көрсеткіш 4,5% еді. Бірақ қызығы Қытай Коммунистиік партиясы бұл көрсеткіш биыл 5,0%-ға жетеді деп болжайды.

Бейжіңмен салыстырғанда ХВҚ Үндістанға көп үміт артады. 2025 және 2026 жылдары елдегі экономикалық өсім 6,5% деңгейінде қалады деп болжаған. Былтыр да қаржы ұйымы тура осындай мәлімет ұсынған еді, яғни Дели бойынша позициясы тұрақты болып отыр.

Банк мамандары Еуропа және Латын Америка елдерінің экономикасына да сенеді. 2025 жылы Еуропадағы экономикасы дамып келіп жатқан елдердегі өсім 2,2% болса, келесі жылы 2,4%-ға жетуі мүмкін. Ал Латын Америка және Кариб бассейніндегі өсім биыл 2,5% болса, 2026 жылы 2,7% болады деп болжайды.

Таяу Шығыс және Орталық Азия елдеріне де позитивті болжам бар. 2025 жылы өсім 3,6% болса, 2026 жылы 3,9% болады дейді. Бұл осы аймақтағы табысты ел Сауд Арабиясының өсімімен байланысты болуы мүмкін.

Бұған дейін Дүниежүзілік Банк әлеммдік экономиканың өсімі 2025-2026 жылдары 2,7% деңгейінде қалады деп болжаған еді. Ол туралы толығырақ мына жерден оқуға болады.