Жаңалықтар

Күн сайын 600 млн қолданушыға кибершабуыл жасалады

2024 жылы секундына 7000-ға жуық құпиясөзге шабуыл жасалған / Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Microsoft Еntra мәліметінше, әлемде күн сайын қолданушыларға 600 млн-нан астам шабуыл жасалады. Олардың 99%-дан астамы құпия сөздермен байланысты деп жазылған компания таратқан хабарламада.

Өткен 2024 жылы Microsoft Еntra секундына 7000-ға жуық құпиясөз шабуылдарын бұғаттаған. Ал 2023 жыл шілдесі мен 2024 жылдың маусымы аралығында 775 миллион электрондық поштада зиянды бағдарламалар табылған. Компания мамандарының түсіндіруінше, жыл өткен сайын киберқауіптер саны да көбейіп келеді.

«Киберқауіпсіздік — бұл уақытпен жарыс. Пайдаланушы зиянды гиперсілтемені басқан сәттен бастап толық бұзуға небәрі 72 минут кетуі мүмкін, ал ұйымдарға бұзушылықтарды анықтау және оқшаулау үшін орта есеппен 277 күн қажет«, – деп жазылған хабарламада.

Microsoft Entre мәліметінше, кибершабуылдардың көбеюімен мемлекеттік құрылымдарды қорғау бұрынғыдан да маңызды бола бастады. Себебі шабуыл ең көп жасалатын ұйым – үкіметтер екен.

«Мемлекеттік органдар мен маңызды инфрақұрылымдық ұйымдар көбіне киберқылмыскерлердің нысанасына айналады. Бұл олардың қолындағы құнды деректердің үлкен көлеміне, олар бақылайтын активтердің маңыздылығына және экономикалық факторларға байланысты. Мұның бәрі озық киберқауіпсіздік шараларына инвестиция салу және бірлескен қорғаныс жүйелерін құру қажеттілігін көрсетеді», – деп атап өтті Microsoft CIS директоры Сергей Лещенко.

Маманның түсіндіруінше, киберқауіп енді дами береді.

Бұған дейін The Hacker News басылымы да Қазақстанға кибершабуылдар көбейгенін жазып еді. Олардың мәліметінше, ресейлік хакерлер Кремльдің Орталық Азияда экономикалық және саяси ақпарат жинау жөніндегі саясаты аясында Қазақстанға қарсы шабуылдар бастаған.