«Қазпошта» мен айырбастау пункттері, банк бөлімшелері өз кеңселерін бұзақылардың басып кіруінен қорғау үшін жаңа талаптарды орындауы тиіс. Ұлттық Банк заң жобасына осындай өзгерістер енгізді.
Жаңа талаптар бойынша, сейф бөлмелерінде халықаралық стандарттарға сай металл есіктер орнатылуы керек. Сондай-ақ Ұлттық Банк қоймалар мен сейф бөлмелеріне желдеткіш орнатуға рұқсат берді. Бірақ біреу бұзып кірген жағдайда іске қосылатын арнайы дабыл белгісі болуы керек.
«Бұл шаралар қызметкерлердің қауіпсіздігін жақсартып, мекемелердің эстетикалық сыртқы бейнесін сақтауға бағытталған», – деп жазылған Ұлттық банк мәлімдемесінде.
Жаңа талаптар мекемелердің қаржылай шығындарына аса қатты әсер етпес үшін реттеуші өтпелі кезең ұсынды. Енді банктер мен айырбастау пункттері алдағы екі жыл ішінде, ал «Қазпошта» бес жыл ішінде кассалық кеңселерін жаңа талаптарға сай реттеуі керек.
Мекемелер кассаларына арнайы шыны салынады. Әрбір кассалық кабинаның құлпы және металл есігі бар жеке кіретін бөлімі болуы қажет. Бұл талаптар сауда орталықтары, әуежайлар мен темір жолдардағы барлық кассаларға қатысты.