5 сәуірден бастап тіркелмеген мопедтердің жолда жүруіне тыйым салынады
Биылғы жылдың 5 сәуірден бастап тіркелмеген мопедтерді пайдалануға, жүргізуші куәлігінсіз жүруге тыйым салынады. Өйткені 5 сәуірден бастап мопедтер ресми түрде механикалық көліктерге теңестіріледі. Ішкі істер министрлігі заңды тіркелуге аз уақыт қалғанын хабарлап, қазақстандық мопедистерге ескерту жасады.
Мопедтерді рәсімдеу үшін ең алдымен полицияда тіркелу қажет. А1, А немесе В санатындағы жүргізуші куәлігі болуы тиіс. Техникалық тексеру және азаматтық жауапкершілікті сақтандырудан өту қажет болады.
Тіркелу үшін тұрғылықты жері бойынша арнайы ХҚКО-ға келесі құжаттармен жүгіну қажет:
- жеке куәлік (электронды түрде болуы мүмкін);
- мопедтің техникалық құжаты немесе сипаттамалары.
«5 сәуірден бастап тіркелмеген мопедтерді пайдалануға, жүргізуші куәлігінсіз жүруге тыйым салынады. Бұзушылықтарды болдырмау үшін мопедті алдын ала тіркеп, жүргізуші куәлігін алуды ұсынамыз», – деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Арай Төлегенқызы.
Мопедті тексерістен өткізгеннен кейін, қажетті мемлекеттік баждарды төлеу де міндетті болмақ.
Бұған дейін мопедті тіркеу үшін керек құжаттар тізімін жариялаған едік, бірақ жаңа өзгерістер бойынша тізім толықтырылып отыр.
Еске салайық, өткен жылы 3 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мопедтерді тіркеп, жүргізуші куәлігімен жүруге міндеттейтін заң жобасына қол қойды.