Дональд Трамп президент қызметіне кіріскеннен кейін, доллар құнсызданды, ал мыс бағасы өсті. Қытайдың өнеркәсіп секторы дефляция шырмауынан шыға алар емес. 20 қаңтардағы әлемдік БАҚ шолуына зер салыңыз.
АҚШ-та импорттық баж салығын көтеру кейінге қалдырылғаннан, мыс бағасы өсті
Bloomberg мәліметінше, Лондон металдар биржасында мыс бағасы 1,2%-ға қымбаттады. Бұған АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамптың импорттық баж салығын бірден көтермеу туралы шешімі әсер етті. Алдымен тарифтерді көтеру жөнінде белгілі бір іс-қимыл жоспары жарияланатын болады.
Мыс бағасының өсуіне доллардың құнсыздануы да ықпал етті. Металдар мен басқа да шикізаттар үшін доллардың күштілігі жағымсыз фактор саналады. Себебі АҚШ валютасының жоғары бағамы елден тыс жерлерде шикізаттың қолжетімділігін төмендетеді.
Лондон биржасында басқа да өнеркәсіптік металдардың құны өсті. Доллар индексі Трамптың қызметіне кіріскен алғашқы күні жаңа баж салығын енгізбеу туралы мәлімдемесінен кейін 1,2%-ға төмендеді. Дегенмен ол бұл идеядан мүлдем бас тартты деген сөз емес. Алдымен арнайы Сыртқы кірістер қызметін құру жоспарланған.
Кеше АҚШ қор биржалары жұмыс істеген жоқ (елде Мартин Лютер Кинг күні аталып өтті). Сондықтан бұған қатысты инвесторлардың реакциясы бүгін белгілі болады.
JPMorgan Еуропаға қарағанда АҚШ акцияларынан көбірек пайда күтеді
JPMorgan стратегтерінің болжамына сәйкес, есеп беру маусымында америкалық компаниялардың пайдасы еуропалық фирмалармен салыстырғанда едәуір жоғары болады, деп жазды Bloomberg.
Стратег Мислав Матейканың пікірінше, бұл S&P 500 индексіндегі компанияларға қойылған болжамдардың тым төмендігімен байланысты. Ал Еуропада циклдік және қорғаныс акцияларына деген сенім «жоғары деңгейде» болғандықтан, компаниялардың бұл болжамдарды ақтауы қиынға соғады.
Оның болжамына сәйкес, АҚШ-тағы пайда өсімі 3% болады, ал Еуропада циклдік акциялар үшін 5%, қорғаныс акциялары үшін 9% деңгейінде өсім күтіліп отыр.
2024 жылдың қорытындысы бойынша еуропалық Stoxx 600 индексі S&P 500-ден 17 пайыздық тармаққа артта қалды (еуромен есептегенде). Бұл – 1998 жылы бенчмарк құрылғалы бергі екінші ең нашар салыстырмалы көрсеткіш.
Қытайдың өнеркәсіп секторындағы дефляциялық қысым жойылған жоқ
Қытайдың өнеркәсіп саласында дефляциялық қысым екінші жыл қатарынан сақталып отыр, деп жазды Bloomberg. Бұл – сұраныс пен ұсыныс арасындағы терең теңгерімсіздіктің белгісі. Ол тұтас экономикадағы бағаның төмендеуіне және сауда шиеленістерінің күшеюіне әкеліп отыр.
2024 жылдың қорытындысы бойынша елдің өнеркәсібі 2,3%-ға төмендеді. Өнеркәсіп секторының 80%-ын құрайтын зауыттар арасындағы қатаң бәсеке экспорттық бағалардың төмендеуіне және кірістің азаюына алып келді. Бұл экспорт көлемінің ұлғаюына және өткен жылы шамамен 1 трлн долларлық рекордтық сауда профицитіне себеп болды.
Дефляцияны ескере отырып, Қытай экономикасы өткен жылы шамамен 5% ресми мақсатты көрсеткішке жетті. Бірақ бұл тек экспорттық бумның нәтижесінде ғана мүмкін болды.
Қытай экономикасының қазіргі жағдайы Жапонияның 1990 жылдардан бері жалғасып келе жатқан ұзақ мерзімді дефляция кезеңімен жиі салыстырылып жүр.