«Әбіл» фильмінің актері, өнертанушы, дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай Францияның Қазақстандағы елшілігі виза бермей жатқанына байланысты фильмнің еуропалық тұсаукесеріне үлгермей қалуы мүмкін екенін айтып, желіде жазба жариялады.
Оның сөзінше, қаңтардың 23-іне қараған түні Парижге ұшу керек, ал виза әлі дайын емес.
Фильмнің режиссері Елзат Ескендір KursivMedia тілшісіне актердің фейсбуктегі жазбасы резонанс тудырғаннан кейін ғана елшіліктен хабарласып, виза дайын екенін айтқанын жеткізді. Алайда еуропалық тұсаукесерге үлгермей қалу қаупі сейілмеген. Өйткені Астанада орналасқан елшіліктен паспорттарды алдырып, оны Алматыға салып жіберу керек.
«Астанадан адам тауып, оған сенімхат рәсімдедік. Ол адамымыз паспорттарды алып, тездетіп бізге салып жіберу керек. Ауа райы дұрыс болып, рейстер кешікпей ұшса екен деп тілеп отырмыз. Шыны керек елшілік фейсбуктегі шулы жазбадан кейін ғана хабарласты. Әйтпесе біз визаға өтінішті жаңа жылдың алдында тапсырып қойғанбыз. Фестиваль ұйымдастырушыларынан арнайы шақыруымыз да бар. Неге екені виза беру процедурасы тым созылып кетті. Францияның Алматыдағы консулдығына барып, ешкімді таба алмадық. Естуімізше, жаңа жылдан бері әлі жұмысқа шықпаған» –дейді режиссер.
KursivMedia тілшісі мәселеге байланысты Франция консулдығына сауал жолдаған. Алайда материал шыққан кезге дейін консулдықтан жауап келмеді.
Ал ұлттық киноны қолдау орталығы фильм қандай жағдай болса да фестивальде көрсетілетінін, бағдарлама өзгермегенін айтып отыр.
Режиссер мен актер еуропалық фестивальге үлгермей қалса, қаншама еңбек пен қаражат желге ұшқалы тұрғанын айтады.
Режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильмі Швецияда өтетін Скандинавия өңірінің бас кинофестиваліне арнайы шақыру алған. Фильм 24 қаңтар мен 2 ақпан аралығында өтетін Скандинавия өңіріндегі 48-халықаралық Готеборг кинофестивалінде көрсетіледі. Бұған қоса, 11-18 ақпан айлары арасында өтетін Францияда өтетін Везуль Азия киносының халықаралық кинофестиваліне де шақыру алған.
«Қазақфильм» киностудиясында түсірілген фильмнің тұсауы Оңтүстік Кореядағы Пусан кинофестивалінде кесілген. Фильмде Кеңес Одағы ыдыраған тұстағы қазақ ауылының өмірі, жемқорлық пен жаңадан келген жабайы капитализм жүйесі көрсетіледі. Туындының халықаралық продюссері Юлия Ким болса, операторы поляк кино өнерінің өкілі Йоланта Дильевска, рөлдерде Ерлан Төлеутай, Нұржан Бексұлтанова мен Әлихан Лепесбай.