«Әкімдік өтінішімізді 40 рет қабылдамады». Феминистер баспасөз жиынын өткізді

Жарияланды
Фото: KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматыда 8 наурыз күні феминистердің митингі мен маршын өткізуге рұқсат етілмегеніне байланысты баспасөз жиыны өтті.

«Мәселе митинг тақырыбында емес, мәселе оны кім өткізетінінде»

Әйелдер маршын ұйымдастырушылардың бірі Любовь Воронцова 8 наурызда өткен соңғы келісілген митингіден кейін, әкімдік бейбіт жиын ұйымдастыруға өтінішті 40 рет қабылдамағынын айтты.

«13 қаңтар күні 8 наурызда митинг пен марш өткізу туралы екі өтініш жолдадық. 15 қаңтарда митинг өткізуге рұқсат бермілмейтіні туралы жауап алдық. Кеше марш өткізуге рұқсат етілмеген жауап келді. Бас тарту себебі ретінде әкімдіктің стандартты тұжырымы келтірілген. Сөзбе-сөз айтар болсам, «ұсынылған тақырып қоғамдық және бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу қаупі бар» деген жауап алдық. Ұсынғанымыз «Қазақстандық әйел даусы» деген тақырып болатын. Былтыр ұсынған «Қазақстандық әйелдердің қауіпсіздігі» тақырыбына да тура осындай жауап алғанбыз», – дейді Любовь Воронцова.

Марш ұйымдастырушысы феминистер митингі мен шеруінің қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретіні туралы уәж ештеңеге негізделмегенін айтады. Сондай-ақ ол мәселе митинг тақырыбында емес, мәселе оны кім өткізетінінде деп санайды. Өйткені былтыр өзге ұйымдастырушыларға осыған ұқсас тақырыпта жиналуға рұқсат берілген.

«Неге әкімдік бізге әйел тақырыбына митинг өткізуге келгенде, қоғамдық қауіпсіздікті алға тартады. Демек, бұл – алалау. Бұл біздің митингіге келгісі келетін жүздеген әйелді алалау деп санаймыз», – дейді ол.

«Әйелдерге қатысты жеке заң керек»

Ұйымдастырушылардың бірі Мөлдір Жұмабаева әйел құқығын қорғауда былтыр қабылданған тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жеткіліксіз деген пікірде. Оның пайымынша, әйелдерге қатысты жеке заң керек.

«9 жылдан бері әйел құқығымен айналысып жүрген адам ретінде тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңда әйелдердің мәселесіне қатысты біраз нәрсе қарастырылмағанын айтқым келеді. Мәселен, харассментке қарсы заңды әлі қабылдаған жоқ. Біздің кейбір ер шенеуніктер харассментті комплементке теңеп, біз мұндай заңнаманы қабылдамаймыз деп айтуда. Одан кейін сталкиң проблемасы бар. 2023 жылы ол туралы заңнама Өзбекстанда қабылданған. Біз артта қалып қойдық», –дейді ол.

Мөлдір Жұмабаева спайкиң мен қызды алып қашу фактілері де құқықтық тұрғыдан қарастырылмағанын, сондықтан ондай фактілерге ұшыраған қыз-келіншектерге өз құқығын қорғау, құқығы бұзылғанын дәлелдеу қиын екенін айтады. Сөзінше, осындай құқықбұзушылықтар бойынша қозғалмай жатқан фактілер, сотқа жетпей жатқан істер көп. Заңнамада арнайы ұғымдар болмағандықтан, олар бойынша арыз да қабылдамайды.

Ұйымдастырушылар бұдан кейін де митинг пен марш өткізуге әкімдікке өтініш білдіріп, әлеуметтік желіде белсенді жұмысын жалғастыра беретінін айтты.

Бұған дейін, Алматы әкімдігі 8 наурызда феминистер митингісін өткізуге рұқсат бермегенін жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз