Көлігін қыздырғандардың бәріне бас салып айыппұл салынбайды – министр
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев көлікті 5 минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салатын норма заңда 20 жылдан бері бар екенін мәлімдеді.
Оның сөзінше, бұл норма айыппұл арқылы бюджет түсімін көбейтуді көздемейді.
«Біз жан-жақты қарастырып жатырмыз. Алматы қаласы бойынша 19 экопост қойдық. Алматыда 700 мыңдай көлік тіркелсе, одан бөлек күніне 400 мың көлік кіріп шығады. Соның бәріне экологиялық тұрғыдан қарағанда, жүрмей тұрған машина экологияны ластауға өз үлесін қосады. Сондықтан біз бұны (норманы – ред) қос қолдап қолдаймыз», – деді министр Үкімет сағатанынан кейін өткен брифингте
Министр көлігін 5 минуттан артық қыздырғандардың бәріне бас салып айыппұл салынбайтынын, әлдекімнен шағым түсіп, ол дәлелденсе ғана айыппұл қарастырылатынын жеткізді.
Министрге көліктің экологиялық жағдайы айыппұл арқылы реттелетін болса, онда көлікке қойылатын стандарттар мен утильалым не үшін енгізілетіні сұралды. Министр «бұл мәселе көліктің экологиялық жағдайына қатысты емес» деп жауап қатты.
Бұған дейін мәжіліс депутаты Серік Ерубаев көлікті 5 минуттан артық қыздыруға айыппұл салуға қатысты нормаларды қайта қарау туралы ұсыныс білдірген.