Банк пен қаржы

АҚШ санкциялары ресейлік «Росатомның» Қазақстандағы АЭС құрылысына қатысуына әсер ете ме?

Казахстан обезопасит себя от воздействия санкций на строительство первой АЭС
Коллаж: rosatom.ru, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қазақстан АЭС құрылысына қатысты қандай да бір санкция қатерінің алдын алмақ. Ол үшін қуаты 2,4 ГВт құрайтын алғашқы атом электр станциясының құрылысына қатысты келісімшарттарда санкцияға қатысты егжей -тегжей ескертпе енеді. Бұл туралы Энергетика министрлігінің KursivMedia сауалына берген жауабында жазылған.

«Қазақстанда АЭС салуға үміткер компаниялармен жүргізіліп жатқан келіссөздер аясында санкциялық аспектер мұқият талданып ескеріледі. Бұл жобаны салу және қаржыландыру міндеттемелерінің орындалуына әсер етуі мүмкін қауіп-қатерлерді барынша азайту үшін қажет. Мұндай қауіптерді басқаруға арналған тиісті механизмдер мен шарттар келісімшарттарда қарастырылады», – делінген Энергетика министрлігінің KursivMedia сауалына берген жауабында.

Министрлік келісімдер Қазақстанның мүддесін қорғаумен жобаны уақытылы әрі сапалы іске асыруды қамтамасыз ететінін атап өтті.

АҚШ қаңтар айының басында энергетика саласындағы ресейлік компаниялар мен лауазымды тұлғаларды санкция тізімін енгізді. Санкциялық тізімге енген тұлғалар қатарында «Росатом» басшысы Алексей Лихачев, оның бірінші орынбасарлары Кирилл Комаров, Александр Локшин, сонымен қатар бас директордың орынбасарлары Андрей Никипелов, Илья Ребров, Николай Спасский, Сергей Новиков, Константин Денисов, Олег Крюков, Юрий Яковлев, Сергей Обозов, Юрий Оленин, Андрей Петров және Солтүстік теңіз жолдары дирекциясының директоры Вячеслав Рукша бар.

«Росатом» компаниясы болса, РБК-ға берген мәлімдемесінде компания басшыларына санкция еш негізсіз салынғанын мәлімдеген.

«Қазіргі кезде «Росатом» – атом энергетикасы технологияларын экспорттауда әлемдік көшбасшы компания. Сондықтан санкциялар достық пиғылдағы емес мемлекеттердің бәсекелестігінің бір бөлігі ретінде қабылданады», – деп мәлімдеді компания өкілдері.

«Росатом» – Қазақстанда АЭС салатын консорциумға кіруі мүмкін компаниялардың бірі. Энергетика министрлігі бұған дейін Қытайдың «CNNC», Ресейдің «Росатом», Оңтүстік Кореяның «KHNP», Францияның «EDF» сияқты әлеуетті жеткізушілерімен келіссөз басталғанын хабарлаған.

Энергетика министрлігі Атомдық жобаларды дамыту басқармасының бас маманы Ер-Тарғын Тілеукеновтың айтуынша, Қазақстандағы атом электр станциясының құрылысына кететін қаржы нақты белгісіз. АЭС құны жобаны іске асыру моделі, қаржыландыру шарттары, технология, станцияның қуаты, станцияның орналасқан жері және т.б. көптеген факторға байланысты болмақ. Дегенмен әлемде салынған үлкен қуаттылықтағы екі блокты АЭС-тің құны шамамен 10-12 млрд АҚШ долларын құраған.

Атом электр станциясының құрылысына мемлекет қазынасынан қаржы бөлінбейді. Үкімет ірі халықаралық қаржы консорциумдарынан қарыз тартуды жоспарлап отыр.