Қазақстанның халықаралық резевтерінің жеткіліктілік шегі 2020 жылдан бері төмендеп келеді. Оған жыл сайын мемлекеттік шығындардың артып, бюджеттегі қаржы тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан үздіксіз ақша алу себеп.
Қордан алынған ақша жыл сайын айналымға еніп, экономикадағы ақша массасын арттырады. Ұлттық банктің «Қазақстан сыртқы секторының тұрақтылығын бағалау тәсілдері» зерттеуінде авторлар осындай тұжырым жасайды.
Ұлттық қор негізгі қызметінің бірі – жинақтау функциясы, яғни болашақ ұрпақ үшін қор жинақтау. Алайда кейінгі жылдары Ұлттық қор қаржысын оңды-солды пайдалану теріс үрдісі қалыптасты. Мұнай бағасы жоғары, геосаяси жағдай тұрақты кезде де, дағдарыс қысып, жағдай нашарлаған сәттерде де Ұлттық қордан қаржы алынған. Бұл қордың біртіндеп азаюына әкеліп соқтырады.
«Әдетте, экономика өсімі – елдің валюта резервтеріне деген қажеттілігінің экономика көлеміне сай артуымен қатар жүреді. Алайда Ұлттық қор қаржысын үздіксіз алу – елдің «қауіпсіздік жастығын» нығайтуға кедергі келтіреді», – деп тұжырымдайды Ұлттық банк сарапшылары.
Сарапшылар жүргізген талдау нәтижесінде мынадай қорытындыға келген:
- Ұлттық қор сынды жеке қорлардың активтері шикізатқа тәуелді елдерде мемлекеттік резервтердің құрамына кіріп кетеді;
- Қазақстанның сыртқы активтері дағдарыс туындаса, шетел валютасына деген қажеттілікті жаба алады. Алайда Ұлттық қор қаражатын дағдарыс кезінде де, дағдарыстан тыс уақытта да тұрақты пайдалану – оның біртіндеп сарқылуына әкелуі мүмкін;
- соңғы 4 жылда сыртқы активтердің жеткіліктілік көрсеткішінің төмендеуіне – мемлекеттік шығындардың өсуі себеп.
Айта кету керек, инфляцияны нысаналы басқарудағы ҚР Ұлттық банкінің негізгі құралы – базалық мөлшерлеме. Бұл көрсеткіш ең алдымен сыртқы жағдайлардың өзгеруіне жауап береді.
2024 жылы Ұлттық қорға 9 трлн теңгеге жуық қаржы түскенімен, қордағы қаржы 3,2 трлн теңгеге ғана артты. Себебі ел Үкіметі бюджетте қаржы тапшы (салық жоспадан кем түсті) болған соң, қордан 5,6 трлн теңге алды. Бұл 2024 жылғы бюджет кірісінің үштен біріне тең. Ал 2025 жылы Ұлттық қордан жылы 5,3 трлн теңге алу жоспарланған.
Десе де, Қазақстан үкіметі қордан күректеп қаржы алуды шектеуге ниетті. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Үкімет бас банктің Ұлттық қордан алынатын трансферт көлемін заңмен бекіту туралы ұсынысымен келіскенін жеткізді. Сондықтан алдағы уақытта кепілдендірілген де, нысаналы трансферттердің де көлемі заңмен белгіленуі мүмкін.