Жаңалықтар

Қажылыққа апарамыз деп 180 адамды алдаған компания басшысы қамауға алынды

Қажылыққа апарамыз деп 180 астам адамды алдаған компания басшысы қамауға алынды
«Жазира travel» компаниясы қажылыққа апарамыз деп 180 адамды алдаған / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматы қаласында халықты қажылыққа апарамыз деп ақша жинап, 180-нен астам адамды алдаған «Жазира travel» компаниясының басшысы қамауға алынды. Бұл туралы ақпаратты KursivMedia тілшісіне Алматы қалалық полициясының баспасөз қызметі растады.

«Бұл қылмысты жасады деген күдікпен Алматы облысының тұрғыны ұсталды. Ол өзін туристік фирманың басшысы ретінде таныстырып, умраға қажылыққа жөнелту бойынша қызмет көрсететін жалған келісімшарттар жасаған», – делінген полиция хабарламасында.

Ақпаратқа сүйенсек, күдіктіге бұл қылмысты жасауға кемінде 4 адам жәрдемдескен. Әзірге полиция олардың әрекетіне құқықтық баға бермеген. Ал күдіктінің үстінен алаяқтық дерегі бойынша тергеу басталған. Оның үстінен 33 адам арыз түсірген.

Компания қызметіне жүгініп, алданып қалған Меруерттің (өз өтінішімен аты өзгертілген) айтуынша, жоспар бойынша олар 19-20 қаңтар күндері Сауд Арабиясына ұшып кетуі керек болған.

«180 адам ақшасын беріп алып, әлі қайтарып ала алмай жүр. Компания тіпті ұшаққа да билет алмаған. Жезқазғаннан, Ақтаудан, Астанадан келген адамдар бар», – дейді ол. 

Айтуынша, алыс аймақтардан келген азаматтарды компания қонақүйге орналастырып, екі күн күтуді сұраған. Алайда 20 қаңтар күні кешке қонақүйдің ақшасы төленбегені белгілі болып, оларды қонақүйден шығарып жіберген.

«Компания өкілдері «қажылыққа баратын болса, бұлардың ақшасы көп» немесе «Алла тағаланың сынағы деп ақшаны кешіреді» деп ойлайды екен. Бірақ ақша қай жақтан келіп, қай жаққа кетіп жатқанын өзіміз білеміз. Бала-шағамыздың маңдай терімен жинап, бізді сыйлап берген ақшасы. Ел-жұрттың аманаты бар», – делінген хабарламада.

Айта  кетейік, Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы жыл сайын умра қажылық жасауға болатын компаниялар тізімін ұсынады. «Жазира travel» компаниясы бұл тізімде жоқ.

ҚМДБ ақпаратына сүйенсек, умра сапарын ұйымдастыру үшін компанияда міндетті түрде мемлекеттік лицензия болуы тиіс. Бұған қоса, әр қажыға туроператор тарапынан туркод берілуі қажет. Мұндай талаптар орындалмаған жағдайда топпен қажылық сапар ұйымдастыру Қазақстан заңдарына қайшы.

Еске сала кетейік, Сауд Арабиясы қажылық немесе умра сапарға келген барлық азаматтардан менингококк инфекциясына қарсы екпе құжатын талап етеді.