Қырғызстанда жоғары лауазымды шенеуніктердің 2023 жылдағы декларациясы жария болды. Оған сәйкес, елдің сыртқы істер министрі мен қаржы министрінің атына ешбір мүлік тіркелмеген. Бұл туралы 24kg басылымы жазған.
Қырғызстанның ішкі кірістер қызметі шенеуніктердің 2023 жылдағы декларацияларын жариялай бастады. Сыртқы істер министрі Жиенбек Кулубаевтың атында тұрғын үй де, автомобиль де тіркелмеген. Алайда оның жақын туыстарының атында ауданы 138 шаршы метр болатын пәтер мен ауданы 1200 шаршы метрді құрайтын жеке учаске және құны 603 мың сом (3 639 754 теңге) болатын Toyota Highlander автокөлігі бар. Кулубаевтың табысы 2,5 млн сом (15 млн теңге) болған.
Ішкі істер министрі Ұлан Ниязалиевтің атында да тұрғын үй мен автокөлік тіркелмеген. Тек 800 шаршы метрлік учаскесі бар. Ол 2023 жылы 1,2 млн сом (7,2 млн теңге) табыс тапқан, алайда туыстарының мүлкі туралы ақпаратты ашпаған.
Қаржы министрі Алмаз Бақетаев та жылжымайтын мүлікке, автокөлікке, тіпті учаскеге иелік етпейді. Оның бір жылдағы табысы 6,8 млн сом (41 млн теңге) болған. Туыстары 3 млн сом (18 млн теңге) тауып, 246 шаршы метрлік үйге иелік етеді.
Цифрлық даму министрі Нұрия Кутнаеваның ауданы 42 және 58,4 шаршы метр болатын екі пәтері бар. Бұдан бөлек, ауданы 685 шаршы метр ауыл шаруашылығы мақсатындағы учаскесі бар. Бір жылда 1 млн сом (6 млн теңге) тапқан. Оның жақын туыстарына ауданы 42 ш.м. пәтер, құны 880 мың сом болатын RAV4 автокөлігі, құны 320 мың сом болатын «Калина» автокөлігі және құны 24 мың сом болатын тіркеме тіркелген.
Айта кетейік, Қазақстанда да шенеуніктер декларация тапсыруға міндетті. Алайда бұл декларация жарияланбайды. Мемлекеттік кіріс комитеті 2025 жылы қандай азаматтар декларация тапсыратынын хабарлаған.