Ресей тарихшыларымен біріккен «ортақ тарих» қалай жазылады?

Жарияланды
Тарихшы Бүркітбай Аяған Қазақстанның тарихының Ресей тарихшылармен бірігіп жазылмайтынын айтты/фото: Шадияр Өстемір

Тарихи оқулықтар жазылғанда отандық зерттеушілер әзірлеген ұлттық мүддеге сай ғылыми көзқарастарға басымдық берілмек. KursiveMedia жолдаған сауал бойынша, Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті Қазақстанның тарихшылары мен Ресей тарихшылары бірігіп, ортақ тарих жазу туралы мәселеге қатысты осылай жауап берді.

Мұрағат материалдарымен алмасуға мүмкіндік ашылды

Комитеттің хабарлауынша, Қазақстан мен Ресей тарихшыларының бірлескен жұмыс тобы 5 жылдан бері жұмыс істеп келеді.  Мақсат – екі ел арасындағы тарих ғылымын дамыту бойынша ынтымақтастықты жандандыру.

«Бірлескен жұмыс тобының негізгі қызметі екі елдің ортақ тарихи мұрасын объективті және жан-жақты зерттеуге бағытталған. Бұл ғылыми байланыстарды нығайтуға, зерттеу нәтижелерімен алмасуға және тарихи оқиғаларды түсіндіруде салмақты көзқарастарды дамытуға көмектеседі», – делінген комитет жауабында.

Сонымен қатар, осы жұмыс тобының арқасында екі елдің ғалымдары бірлескен конференцияларға, ғылыми жобаларға қатысуға, мұрағат материалдарымен алмасуға мүмкіндік алмақ.

«Қазақстанға қатысты мұрағат материалдарының едәуір бөлігі Ресей мұрағаттарында сақтаулы. Оларға қол жеткізу Ресейден келген әріптестердің көмегімен жеңілдетілді. Қазақ тарихшылары да Ресейде шығатын Scopus, Web of Science сияқты халықаралық журналдарда өз еңбектерін жариялауға мүмкіндік алды», – дейді Ғылым комитеті.

Бірлескен жұмыс тобы өзге елдермен де байланыста

Комитеттің дерегінше, мұндай бірлескен жұмыс топтары тек ресейлік ғалымдармен ғана емес, Қырғызстан, Иран және басқа елдердегі әріптестермен де жұмыс істейтінін алға тартып отыр.

«Тарихшылар тобының құрамын кеңейту мүмкіндіктері жайлы қазіргі таңда тарих саласындағы ғалымдар Қытай, Өзбекстан, Түркия және араб елдерінің ғалымдарымен сол тілдерді меңгерген шығыстанушылар арқылы тығыз байланыста», – делінген комитеттің жауабында.

Комитеттің пікірінше, мұндай ынтымақтастық осы елдердің архивтерінде сақталған тарихи құжаттар мен материалдарды зерттеуге, сол арқылы Қазақстанның өткен тарихы туралы түсінікті байыта түседі. Жалпы, тарихшы ғалымдар халықаралық ынтымақтастыққа ашық және болашақта осындай мүмкіндіктерді қарастыруға дайын.

Пікір алуандылығы заңды құбылыс

Ғылым комитетінің дерегінше, Қазақстанның мектеп және жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар оның ішінде Қазақстан тарихы пәні бойынша оқулықтар әзірлеу, ұлттық мүддені ескере отырып, мемлекеттік стандарт, үлгілік бағдарламалар негізінде жүзеге асырылады.

«Тарихшы ғалымдардың ақпаратына сәйкес, қайшылықты тарихи оқиғаларға қатысты ұстанымдар бойынша Желтоқсанға (1986), 1931–1933 жылдардағы ашаршылыққа, 1916 жылғы көтеріліске және Алаш-Орда үкіметінің қызметі және басқа да өзекті оқиғаларға қатысты тақырыптар жеткілікті түрде терең зерттелген. Тарих ғылымында әр зерттеуші әртүрлі дереккөздерге, тәсілдер мен әдістемелерге сүйене алатындықтан, әр түрлі көзқарастардың болуы заңды», – делінген комитет жауабында.

Ғылым комитетті өзге елдермен бірлескен жұмыс тобынан сөкеттік көрмейді. Оның пікірінше, бұл барлық тараптардың пікірлерін ескеріп, тарихи оқиғаларды объективті және жан-жақты түсінуді барынша жақындата түседі.

«Дегенмен, отандық зерттеушілер әзірлеген ұлттық мүддеге сай ғылыми көзқарастарға қашанда басымдық беріледі. Тарихшылардың бірлескен тобының мақсаты – ашық диалог пен ғылыми пікірталас алаңын құру болып табылады», – делінген комитеттің жауабында.

Ортақ кітап жазу туралы әңгіме айтылған емес

Тарихшы Бүркітбай Аяған Қазақстанның тарихының Ресей тарихшылармен бірігіп жазылмайтынын айтты.

«Ешқандай ортақ тарих жазылмайды. Ғылыми қарым-қатынас жасалады. Бірігіп жазылатын кітаптар, оқулықтар туралы әңгіме де айтылып жатқан жоқ. Мен соның ортасында жүрмін», – деп сендіреді тарихшы.

Сондай-ақ оқыңыз