Кепілге алынған әйел ауруханадан шықты. Зардап шегушінің миы шайқалған, басы мен қолы жарақаттанған болатын. Бұл туралы Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
«Науқастың жалпы жағдайының жақсаруына байланысты үйіне шығарылды. Дәрігерлердің кеңесімен әрі қарай өзінің тұрғылықты жеріндегі емхананың бақылауында болады», – делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, 13 қаңтарда Ақтөбеде белгісіз ер адам үйге басып кіріп, әйел мен оның қарт ата-анасын кепілге алған еді. Үш сағаттық келіссөзден кейін, полиция үйді шабуылмен басып алды. Күдікті ұсталды, ал зардап шеккендер ауруханаға жеткізілген.
Алайда 67 жастағы әйел ауруханаға барар жолда көз жұмса, 75 жастағы ер адам операция үстелінде қайтыс болды. 1984 жылы туған әйелдің миы шайқалып, бас және қолы жарақаттанып, жансақтау бөліміне түскен еді.