21 қаңтар күні сағат 08:30-дан бастап ауа райының қолайсыздығына (қар, боран) байланысты Қарағанды және Ақмола облыстарында республикалық маңызы бар бірқатар автожолдарда көлік қозғалысына шектеу қойылды. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» хабарлады.
Қарағанды облысында:
«Астана – Қабанбай батыр – Нұра – Теміртау» автожолының 51-266 шақырымы, Ақмола облысының шекарасынан Теміртау қаласына дейінгі учаскеде барлық көлік түрлеріне қозғалыс уақытша тоқтатылды.
Ақмола облысында:
«Астана – Қабанбай батыр – Нұра – Теміртау» автожолының 35-51 шақырымы, Қабанбай батыр кентінен Қарағанды облысының шекарасына дейінгі учаскеде көлік қозғалысы шектелді.
Жолды қайта ашу 21 қаңтар күні сағат 20:00 шамасында жоспарланып отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін алдағы күндері Қазақстан аумағында солтүстік-батыс циклонының ықпалынан қатты аяз болатыны туралы жазған едік.