Жаңалықтар

Сауда министрлігі Қазақстанда картоп бағасы 320 теңгеден аспайтынына сенімді

Фото: shutterstock

Қазақстанның Сауда министрлігі елде картоп тапшылығы жоқ деп сендіреді. Тұрақтандыру қорларында 62 мың тонна картоп бар. Әлеуметтік дүкендер тұрақтандыру қорларынан алынған картоптың келісін 130 теңгеден сатып жатыр. Бұл туралы Сауда комитетінің төрағасының орынбасары Ернұр Жәутіков мәлімдеді.

«Экспорт көлемі өсті, ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілердің қорында картоп бар. Сонда да өнімнің қымбаттап жатқанын байқап отырмыз», – деді ол.

Ернұр Жәутіков өнімнің өзіндік құны тасымал мен саудагерлердің пайдасын қоса алғанда, картоптың бағасы 320 теңгеден аспайтынына сенімді.

Бағаны тұрақтандыру үшін елімізде картоп экспортына уақытша шектеу енгізбек. Шектеу 6 айға созылады.

2024 жылы картоп бағасы өндірушілер үшін 170 теңгеден 270 теңгеге дейін өсті. Бұл ретте экспорт көлемі 50%-ға артып, 605 мың тоннаны құраған болатын.