Конституциялық сот қаулысы. Әкімдіктер бейбіт жиналыс өткізуден бас тарта бермей, басқа орындар ұсынуы керек
Конституциялық Сот бейбіт жиналыстарды өткізу тәртібі туралы нормаға түсіндірме берді. Сот мәлімдемесіне сәйкес, бейбіт жиналыс өткізу құқығы абсолютті емес, ол заң шеңберінде шешілуі керек. Конституциялық сот әкімдіктер бейбіт жиынды өткізуден бас тартпас бұрын, ұйымдастырушыға бейбіт жиын өткізетін басқа орын немес басқа уақыт ұсынуы міндетті.
Конституциялық Сот «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қатысты нормалардың Конституцияға сәйкестігін тексерген. Астана тұрғыны аталмыш заңның кей нормалары жергілікті атқарушы органдардың өз бетінше шешім шығаруына ықпал ететінін алға тартып, Конституциялық сотқа өтініш түсірген. Тұрғынның өтініш түсіруіне Астана қаласының әкімдігінің бұрын келісілген бейбіт жиналысты ұйымдастырудан бас тартуы себеп болған.
«2023 жылғы ақпанда Астана қаласының әкімдігі хабарламаны қарау қорытындысы бойынша өтініш субъектісіне «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдауға қатысты ұстаным білдіру үшін ол ұсынған орында және уақытта бейбіт жиналысты ұйымдастыру мен өткізуден бас тартқан. Әкімдік бас тартуын көрсетілген орында және сол уақытта бұрын келісілген басқа іс-шараның өткізілуіне сілтеме жасаумен негіздеген», – делінген сот хабарламасында.
Сот қаулысы қандай?
Конституциялық Сот тексере келе аталмыш заң нормаларының Конституцияға сәйкес келетінін анықтаған.
«Конституциялық Сот өз шешімінде бейбіт жиналыстарға құқық абсолютті емес және Конституцияда көрсетілгендей заңды түрде шартталуы мүмкін екенін көрсетті», – делінген сот хабарламасында.
Дегенмен, Конституциялық Сот Заңда бейбіт жиналыстарды өткізуден бас тарту туралы шешім негізді және дәлелді болуға тиіс және оған заңнамалық тәртіппен шағым жасалуы мүмкін деген императивті талап қамтылатынын атап өткен.
«Сондықтан әрбір нақты жағдайда бейбіт жиналысты өткізуден бас тарту туралы шешім іс-шаралардың мақсаттарын, өзектілігін, қоғамдық маңыздылығын және ауқымын, сондай-ақ өзге де объективті факторларды ескере отырып, барлық мән-жай мен ықтимал тәуекелдердің егжей-тегжейлі талдауына негізделуге тиіс», – делінген хабарламада.
Конституциялық Сот Заңда көзделген құралдар бейбіт жиналысты ұйымдастырушы мен жергілікті атқарушы орган арасындағы келісу рәсімдері шеңберінде іске асырылады деп көрсеткен. Осылайша, Конституциялық Сот бейбіт жиналысты өткізуден белгіленген негіз бойынша бас тарту туралы шешім қабылданар алдында әкімдіктер іс-шараны ұйымдастырушыға оны өткізу орнын және уақытын өзгерту туралы ұсынысты алдын ала жіберуге міндетті дегене қаулы шығарған.