Экология министрлігі «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының экоталаптарды бұзғанын білмеген
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясына салынған айыппұлға қатысты пікір білдірді. Нысанбаевтың айтуынша, министрлікке қарасты Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне бұл жағдай туралы есеп берілмеген.
Тексеріс 2024 жылдың қазан айынан бастап жүргізілген. Экологиялық нормалардың бұзылғанын анықтау үшін прокуратура Экология департаменті мамандарын сарапшы ретінде тексеріс жұмысына қатыстырған.
«Тексерісті Экология департаментінің қатысуымен прокуратура жүргізген. Компания экологиялық талаптарды бұзып отыр. Сол үшін 32 млрд теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл орайда заң бәріне ортақ. Мемлекеттік немесе жеке компания болсын, бәрі заңға бағынуы керек», – деді министр.
Бірақ Экология департаменті мамандары сарапшы ретінде қатысқанына қарамастан, бұл жағдай туралы Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне есеп берілмеген. Солайша комитет бұл компанияда экологиялық талаптардың бұзылғаны туралы хабарсыз болып шыққан. Министр бұл мәселені күн тәртібіне қойып, талқылайтынын жеткізді.
«Прокуратура тексеріп, айыппұл салынған соң, бұл мәселе министрліктің назарынан тыс қалып қояды екен. Сондықтан біз прокуратуралық тексерістердің де есебі министрлікке жіберіліп отыруы керек деп санаймыз. Бұл мәселеден министрлік те хабардар болуы тиіс. Сол үшін бұл мәселені өз бақылауыма аламын», – деді министр.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың 4 желтоқсанында прокуратура «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясына экологиялық талаптарды бұзғаны үшін 32 млрд теңге айыппұл салынғаны туралы хабарлады.
2025 жылдың 14 қаңтарында «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының Жоғарғы сотқа шағым түсіргені белгілі болды.