«Бос кезде, ойнаймын». Бектенов жастарды отандық мобильді ойындарды ойнауға шақырды
Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов бос уақытында ойын ойнайды. Бұл туралы премьер-министрі үкімет сағатында айтты.
Жиында GrandМobile компаниясының бас директоры Роман Глиницев стартаптардың өнімімен таныстырды. Компания басшысы GrandМobile ойынының аудиториясы 60 млн-нан асатынын, бір күнде ойынды 400 мың адам тұтынатынын айтты. Ал 2024 жылы компанияны табысы 24 млн долларды құраған.
Бектенов бұл ойынды App Store-дан жүктеп алу мүмкіндігі жайлы сұрады.
«App Store бар болса, жүктеп алып, бос уақытымда ойнап көрем. Ойнасаң, қазақстандық ойындарды ойнау керек. Мен барлық әріптестерімді осыған шақырам. Өйткені мен біздің әріптестердің арасында ойын ойнайтын жастар бар екенін білем. Сондықтан ойнайтын болсаңыздар, өз ойындарымызды ойнаңыздар», – деді премьер министр.
Сонымен бірге, Бектенов осындай стартаптар әзірлеп, әлемге танылып жатқан жастарға барынша қолдау көрсетуге шақырды.
Айта кетейік, Қазақстанда стартаптарына қомақты инвестиция тартып жүрген жастар көп. Соның бірі IT-кәсіпкер Исмаил Каранкин. Ол Oli Robotics атты бариста-робот стартабын құрып, 150 мың доллар көлемде инвестиция тартқан.