Кейбір екінші деңгейлі банктер шетелдіктерге карта ашуды тоқтатты

Жарияланды (жаңартылды )
Жаңа ереже бойынша, резидент емес шетелдіктер жаңа карталарды тек қана 12 айға аша алады /фото: KursiveMedia мұрағаты

Қазақстандық кейбір банктер шетелдіктерге банктік карта беруді тоқтата бастады. Бұған резидент еместерге карта ашудың жаңа ережесі күшіне енгені түрткі болып отыр. Десе  де, карталардың шығарылуы тоқтамайды.

Мұның алдында Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бір жылдан аса мерзімге тұруға ықтиярхаты жоқ шетелдіктерге карта ашуға тыйым салған болатын.

Кейбір банктер 2025 жылдың 19 қаңтарынан 3 ақпанға дейін Қазақстанның резиденті еместердің банктік карталарын рәсімдеп, қайта шығара алмайтындарын хабарлады.

Тек қана 3 ақпаннан кейін банк бөлімшелеріне барып, резидент еместерге қызмет көрсететін менеджерге келіп, бір жылға аша алады.

Банктер бұл қадамға баруының себебін «Қазақстан Республикасының Қаржы ұйымдарының қызметін реттеу мәселесі бойынша кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер енгізу туралы» қаулысымен түсіндіріп отыр.  

Жаңа ереже бойынша, резидент емес шетелдіктер жаңа карталарды тек қана 12 айға аша алады. Қазақстан азаматтары мен тұруға ықтиярхаты барларға, сондай-ақ 20 қаңтарға дейін карта ашып үлгергендерге бұл ереженің қатысы жоқ. Бір клиент бір банктен 5 картадан артық аша алмайды.

Қазақстан шетелдіктердің қатысуымен болатын заңсыз қаржы айналымы тәуекелінің алдын алмақ. Осы мақсатта шетелдіктерге банк картасын ашу талабын қатаңдатылып отыр. 

Сондай-ақ оқыңыз