Франция Ресеймен қақтығысқа әзірленіп жатыр ма? Макрон мобилизация жариялады

Жарияланды
Макронның пікірінше, әлемдегі ахуалдың ушығуы Францияны қарулы қақтығыстарға әзір болуға итермелеп отыр. /Фото: shutterstock

Франция президенті Эммануэль Макрон әскерді күшейту мақсатында ерікті мобилизация жариялады. Оның сөзіне қарағанда, әлемде қауіп-қатерлер қордаланып келе жатыр, бұл жайт Францияны бейімделуге мәжбүр етіп отырған көрінеді.

Le Monde басылымының жазуынша, Эммануэль Макрон жастарға қызмет ету құқығын беруді қалап отыр.

«Бізге еріктілерді анықтап алған абзал. Оларды үйретіп, күн туса, мобилизация жасау мүмкіндігі болуы қажет», – деді Франция президенті.

Макронның пікірінше, әлемдегі ахуалдың ушығуы Францияны қарулы қақтығыстарға әзір болуға итермелеп отыр.  

«Өз-өзімізді алдамайық. Украинадағы жанжал ертең де, бүрсігүні де аяқталмайды», – деді Макрон.

Былтыр Франция президенті Еуропа елдерінің көшбасшыларының бас қосуында Париждің Украинаға көмекке әскер жіберуі мүмкін екенін жеткізген.

АҚШ-тың президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатуға күш салатынын мәлімдеген еді. Десе де, инаугурациясында бұл жанжалға қатысты ләм-мим деп жақ ашпады.

Мұның алдында Financial Times басылымы 2025 жылы Ресей мен Украина арасында бейбіт келісім жасалады деп болжам жасаған болатын. Макронның жетекшілік етуімен Еуроодақтың Украинаға 40 мыңнан 100 мыңға дейін сарбаз жіберу мәселесін талқылап жатқаны туралы жазған болатынбыз.

Сондай-ақ оқыңыз