Жаңалықтар

Қазақстан делегациясы АЭС технологияcын таңдауға Ресейге барды

АЭС Франция
Сапар барысында Ленинград АЭС-і басшылығының кеңесін тыңдап, станса инфрақұрылымымен танысқан/фото: KursiveMedia мұрағаты

Қазақстанның Энергетика министрлігінің делегациясы АЭС салуға қажетті технологияны таңдау аясында Ресейге сапарын аяқтады. Бұл топты Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бастап барған. Олар «Росатомның» ВВЭР-1200 реакторы тұрған Ленинград АЭС-інің жұмысымен танысқан.

«Ресей Федерациясына сапар Қазақстанда АЭС салу үшін технология жеткізушілермен  бәскелесті диалогтың соңғы кезеңі болды», – деп хабарлады Энергетика министрлігі.

Сапар барысында Ленинград АЭС-і басшылығының кеңесін тыңдап, станса инфрақұрылымымен танысқан. Сосновый Бор серіктес қаласына барып, ғылыми-инженерлік жетістіктерді көзбен көрген.

«Біз бүгін жұмыс сапарларын аяқтадық. Ядролық энергетика саласындағы ең үздік әлемдік тәжірибелерді зерделедік. Ленинград АЭС-і қоршаған ортаны және жергілікті тұрғындардың берекелі өмірін қорғауды қамтамасыз ететін қауіпсіздік шараларымен, технологиялармен жіті танысуға мүмкіндік берді», – деді Сәтқалиев.  

2024 жылы қазан айы мен желтоқсан айы аралығында қазақстандық делегация Оңтүстік Кореяға, Францияға және Қытайға сапарлаған болатын.

«Росатом» кәрістің KHNP, қытайдың CNNC және француздың EDF компанияларымен қатар «шорт-листке» кірген.

Қазақстанда АЭС салу жобасы бойынша, жеткізушіні немесе консорциумды таңдау туралы ақырғы шешім 2025 жылы қабылданады. Энергетика министрлігі «шешім Ұлттық мүддені, халықаралық нормалар мен міндеттемерді және МАГАТЭ-нің ұсынымын ескере отырып қабылданады» деп сендіріп отыр.

Мұның алдында аталған министрлік АЭС салуға үміткер компаниялармен жүргізіліп жатқан келіссөздер аясында санкциялық аспектер мұқият талданылатынын, мүмкін қауіп-қатерлерді барынша азайтуды көздейтінін мәлімдеген еді.