Ұлттық Банк 2025 жылдың І тоқсанында 750 млрд теңгеге доллар сатпақ

Ұлттық Банк 2025 жылдың І тоқсанында ішкі нарыққа 750 млрд теңгеге доллар сатпақ. Бұл қаржыға алтын-валюта қоры үшін алтын сатып алады.
Жалпы 2025 жылы Ұлттық Банк құны 6 млрд долларға тең немесе 70 тонна алтын сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы реттеушінің сайтында жазылған
«Тепе-теңдік операциялары алтын-валюта резервтерінің көлеміне әсер етпейтінін атап өткен жөн, себебі алтын сатып алу биржада валютаны сатумен өтеледі. Сатылған валюталардың көлемі ресми сайтта ай сайын жарияланады», – дейді Ұлттық банк.
2011 жылы енгізілген норма бойынша, Ұлттық Банк Қазақстандағы алтын өндіруші кәсіпорындардан алтын сатып алуды бастаған. Оны Қазақстанның алтын-валюта резервтерін толықтырып, алтын өндіру саласын дамытуға бағытталады деп түсіндіреді.
2024 жылдың соңына қарай алтын-валюта резервіндегі алтын көлемі тарихи ең жоғары көрсеткіш – 45,8 млрд долларға жеткен. Бірақ алтын бағасы мен оны өндіру көлемі өсуі елдегі инфляцияға теріс әсер ете бастаған.
Енді реттеуші алтынды сату арқылы түскен долларды ішкі валюта нарығында сатуға шешім қабылдаған. Мұны елдегі инфляцияны 5%-дық нысаналы деңгейге төмендету мақсатында жасап отыр.
Бұған дейін Ұлттық Банк басқарма төрағасы Тимур Сүлейменов теңгеге қысымды азайту үшін алтын-валюта қорын пайдаланатынын хабарлаған еді.